Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Париждегі Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық танымал спортшылардан құралған тізім жариялады. Бұл тізімге барлығы 12 спортшы енген.
Тізімге енген спортшылар еліміз жүлдеден үмітті санап отырған спортшылар. Олардың қатарында боксшы, дюдошы, спорттық гимнастика, теннис, жеңіл атлетика, семсерлесу және күрес түрлерінің өкілдері бар.
Назым Қызайбай – бокс, 50 кило
Спортты дамыту дирекциясы
48 килоға дейінгі салмақта 2014 және 2016 жылы әлем чемпионы атанған отандасымыз алғаш рет Олимпиада ойындарында бақ сынайды. Бұған дейін бірде бір рет жолы түспеген еді.
Валентина Хальзова – бокс, 75 кило
olympic.kz
69 килоға дейінгі салмақта 2016 жылы әлем чемпионы болған Валентина да алғашқы Олимпиадасына қатысады.
Сәкен Бибосынов – бокс, 51 кило
olympic.kz
Мырзағали Айтжанов шәкірті екінші Олимпиадасына аттанды. 2021 жылы Токиода қола жүлдегер атанған. Бұл жолы алтын алуды басты мақсат тұтады.
Әбиба Әбужақынова – дзюдо, 48 кило
olympic.kz
Дзюдо рейтингінде үшінші тұрған Әбиба да алғашқы Олимпиадасында бақ сынайды. Ол кейінгі екі бірдей әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған еді.
Елдос Сметов – дзюдо, 60 кило
olympic.kz
Ұлттық құрамадағы ең тәжірибелі дзюдошы осыған дейін екі Олимпиада ойындарында қоржынымызға жүлде салған. 2016 жылы Риода күміс алса, 2021 жылы Токиода қола медальды қанағат тұтты. Елдос үшін Париж Олимпиадасына бару оңай болған жоқ. Рейтингілік жарыстардан бөлек, өзара өткен ішкі белдесулер арқылы да мықтыны анықтады.
Милад Карими – спорттық гимнастика, көпсайыс
olympic.kz
2023 жылғы әлем чемпионатында Милад Қазақстан құрамасына тарихи жүлде сыйлады. Ол еркін жаттығуда қола жүлдегер атанды. 26 жастағы спортшы екінші Олимпиадасында бақ сынайды.
Нора Джеруто – жеңіл атлетика, 3000 метрге кедергілермен жүгіру
ortcom.kz
Кениялық желаяқ 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан атынан жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Сол жылы әлем чемпионатында тарихи алтын жүлдеге қол жеткізді, рекорд жаңартты. Кейіннен допинг дауына ілігіп, жарыстардан уақытша шеттетілді.
2024 жылғы 25 маусымда халықаралық арбитраждық сот шешім шығарды. Олардың шешімі бойынша World Athletics-тың 2023 жылғы 24 қарашада допинг қолдануы жайлы берген апелляциясын қабылдамады. Осылайша ұлттық құрама спортшысы күдіктен толығымен ақталды.
Руслан Құрбанов – семсерлесу, шпага
olympic.kz
2023 жылы әлем чемпионатында жүлде алған спортшы Қазақстан құрамасына тарихи жетістік сыйлады. Ол екінші Олимпиадасында бақ сынайды.
Айдос Сұлтанғали – грек-рим күресі, 60 кило
gov.kz
Балуан екі рет әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Алайда алғаш рет Олимпиада ойындарында бақ сынайды. Төртжылдықтың басты додасына қатысуды 15 жасынан бастап армандаған.
Демеу Жадыраев – грек-рим күресі, 77 кило
olympic.kz
Қазақ балуаны 2017 жылы әлем чемпионатында 71 килоға дейінгі салмақта күміс алды. Токиода 77 килоға дейінгі салмақта белдесіп, жүлдеге ілікпеді. Парижде де осы салмақта боз кілемге шығады.
Азамат Дәулетбеков – еркін күрес, 86 кило
olympic.kz
2022 және 2023 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген Азамат өз салмағында фавориттер қатарында. Алғашқы Олимпиадасында жүлде үшін күреседі.
Елена Рыбакина – теннис
gov.kz
Қазақстандық теннисші Токиода төртінші орын алды. Одан бергі аралықта ірі жетістіктерге қол жеткізді. 2022 жылы Уимблдонда топ жарды. 2023 жылы Аустралия чемпионатының финалында ойнады. Қазір әлемдегі төртінші ракетка.
Айта кетейік, Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 26 шілдеде Париждегі Сена өзенінде өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Қазақстаннан 80 спортшы қатысады. Ашылу салтанатында Қазақстанның Туын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова көтеріп шығады.