Қазақстандық ауыр атлет Зульфия Чиншанло Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында жүлделі орыннан көріне алмады. Қос жаттығу нәтижесі бойынша бесінші орын алды.
55 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған Зульфия жұлқа көтеру жаттығуында екі мүмкіндігін сәтті пайдаланды. Алғашында 90 килоны, кейіннен 93 кило зілтемірді басынан асырды. Үшінші мүмкіндігінде 95 килоны көтере алмады.
Серпе көтеруде 120 килоны бірінші мүмкіндігінде көтергенмен, төрешілер есепке алмады. Екінші мүмкіндігінде бұл салмақты бағындырды. Үшінші мүмкіндігінде 125 кило ырқына бағынбады. Нәтижесінде 213 киломен (93+120) бесінші орыннан көрінді.
Бұл салмақта тайландтық ауыр атлет Суканя Срисурат (Рио олимпиадасының чемпионы) 232 киломен (105 + 127) әлем чемпионы атанды. Күміс және қола медальды Қытайдан барған спортшы қыздар (225 килодан) еншіледі.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 1 күміс медаль бар. Кеше ерлер арасындағы 55 кило салмақ дәрежесінде Арли Чонтей екінші орын алған болатын.
Әлем чемпионатына Қазақстаннан 20 атлет қатысуда. Жарыс 10 қарашаға дейін жалғасады.