Халықаралық аренада ел намысын қорғап теннисші Зарина Диас Жапонияның Осака қаласындағы WTA турнирінің финалында есе жіберіп алды.
Зарина Диас кездесуді сәтті бастаған еді. WTA рейтінгінде 18-ші орында тұрған Саманта Стосур сет соңына қарай белсене түсті. Нәтижесінде тай-брейк сынында ол отандасымыздан 9:7 есебімен басым түсті. 1 сағат 42 минутқа созылған тартыстың екінші сетінде аустралиялық теннисші 6:3 есебімен шеберлігіне сенім артып кетті. Нәтижесінде Саманта бұл турнирді соңғы 5 жылда 3-ші рет жеңіп алып отыр. Жеңімпаз болып танылған үшін 280 ұпай мен 43 000 АҚШ долларын қалтасына басты. Ал Зарина Диас 180 ұпай және 21 400 АҚШ доллар көлемінде сыйақы иеленді. Осыған дейін бұл теннисшілер кездеспеген болатын.
Айта кетейік, қазіргі таңда Зарина Диас WTA рейтингінің 37-ші сатысында келеді. Сонымен қатар, ол жанкүйерлерінің қолдауымен Сингапурда өтетін WTA Rising Stars жарысына таңдап алынған болатын.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: sports.kz