Қазақстанның нөмірі бірінші теннисшісі Зарина Диас Австралияда өтіп жатқан WTA санатындағы «Hobart International» халықаралық турнирінің ширек финалына шықты.
Бірінші кездесуінде испандық теннисші Сильвия Сонер-Эспиносаны жеңген отандасымыз келесі кездесуін словакиялық теннисші Даниэль Гантуховамен өткізді. Негізі бұл кездесу кеше өтуі тиіс болатын. Бірақ, Хобарт қаласындағы нөсер жаңбыр салдарынан ойын кейінге шегерілген-ді.
Зарина Диас WTA рейтингінде 60-шы орында тұрған теннисшіден оңай айласын асырды. Бірінші сетте Даниэль барын салып жеңіске талпынғанынан түк шықпады. 7:5 есебі тіркелді. Екінші сетте 21 жастағы отандасымыз 6:1 нәтижесімен айқын басымдығын танытты. Осыған дейін екі теннисші бір-бірімен кездеспеген екен.
Қазақстандық спортшы жартылай финал жолдамасын бүгін америкалық теннисші Элисон Рискпен сарапқа салады. Ол WTA рейтингінде 42-ші орынға орналасқан. Бұл жарыстағы екінші нөмірлі теннисші саналып отырған Заринаның жеңімпаз атануға мүмкіндігі мол. Себебі, бірінші нөмірмен қатысқан австралиялық Кейси Делакква жарысты аяқтап үлгерді.
Айта кетейік, бұл додадан кейін Зарина Диас «Үлкен дулыға» санатындағы «Australian Open» додасына қатысады. Рейтингтік көрсеткішіне орай, отандасымыз жарысты іріктеу кезеңінен емес, негізгі кезеңінен бастайтын болды.
Сурет: vesti.kz