Ертең теннистен АҚШ-тың Калифорния штатында «BNP Paribas Open» халықаралық турнирі басталады. «Үлкен дулыға» санатына жататын додалардан кейінгі ірі жарыстар қатарына енетін сайысқа әлемнің үздік теннисшілері жыл сайын қатысып келеді.
«BNP Paribas Open» халықаралық турнирінде еліміздің намысын Зарина Диас пен Юлия Путинцева қорғайтын болады. Қазақстанның бірінші ракеткасы жарыстың 28-ші ракеткасы ретінде бірден екінші айналымға өтті. Ол екінші раундта хорват Донна Векич (84) пен америкалық Луиза Чирико (148) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Байқап отырғандарыңыздай, екі теннисші де WTA рейтингінде отандасымыздан төменгі сатыға орналасқан.
Зарина Диас пен Серена Уильямс бір себетке түсті. Екеуі екінші айналымда алғашқы қарсыласын жеңер болса, үшінші айналымда бір-біріне қарсылас атанатын болады.
Ал тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева іріктеу кезеңіне қатысып, алғашқы қарсыласын жеңді. Келесі кездесуін австралиялық Анастасия Родионоваға қарсы өткізеді. Жеңіске жетсе негізгі кезеңге шығуға мүмкіндік алады.
«BNP Paribas Open» - ерлер арасында 1974 жылдан, әйелдер арасында 1989 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2015 жылғы жүлде қоры 5, 381 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Доданың басты демеушісі – француздың «BNP Paribas Open» банкі. Өткен жылы бұл турнирде ерлер арасында серб Новак Джокович топ жарса, әйелдер арасында италиялық Флавия Пеннетта жеңімпаз атанған болатын.
Сурет: өңделген
Оқи отырыңыз
Зарина Диас үшжылдық үзілістен кейін ұлттық құрамаға оралды
Зарина Диас: "Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысу – мен үшін үлкен мақтаныш болар еді"