Қазақстандық теннисші Зарина Диас Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен, жүлде қоры 50 мың АҚШ доллары болатын ITF сериясындағы теннис турнирінің жеңімпазы атанды.
Жерлесіміз ақтық сында тайландтық теннисші Ноппаван Лертчивакарнды 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Осылайша 52 минутқа созылған финалдық ойын қазақстандық теннисшінің пайдасына шешілді. Ноппаван Лертчивакарн жартылай финалда қытайлық теннисші Йин-Йин Дуаньды жеңген еді.
Естеріңізге сала кетсек, Зарина Диас финалға шығар жолда үш бірдей қытайлық теннисшіден (Яфань Ванды – 6:3, 6:3; Шилинь Сю – 6:1, 6:2; Ван Цян – 6:4, 1:6, 6:1) басым түскен болатын. Жерлесіміз жартылай финалда бұрындары Қазақстан туы астында өнер көрсеткен ресейлік теннисші Ксения Первакты қапы қалдырды.
Зарина Диас бүгінде WTA-ның әлемдік рейтингінде 118-ші орында тұр. Бүгінгі жеңіс жерлесімізді бірнеше сатыға жоғары көтерері анық.
Заринаны жеңісімен құттықтаймыз!
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Vesti.kz