Қазақстандық теннисші Зарина Диас Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан ITF сериясындағы теннис турнирінің жартылай финалына шықты.
Зарина ширек финалда турнирдің жетінші ракеткасы саналатын қытайлық теннисші Ван Цянның жолын кесті. Екі сағат, он жеті минутқа созылған бәсекеде жерлесіміз 6:4, 1:6, 6:1 есебімен басым түсті.
Өткен жолы хабарлағанымыздай, Зарина жартылай финалда бұрындары Қазақстан туы астында өнер көрсеткен ресейлік теннисші Ксения Первакпен кездеседі. Ксения ширек финалда жарыс қожайыны Сюй И-Фаньды 6:3, 6:2 есебімен жеңген болатын.
Естеріңізге сала кетсек, турнирдің бірінші ракеткасы саналатын жерлесіміз Зарина Диас алғашқы айналымда қытайлық теннисші Яфань Ваннан 6:3, 6:3 есебімен басым түсті. Екінші айналымда тағы бір қытайлық теннисші Шилинь Сюды 6:1, 6:2 есебімен жеңді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vesti.kz