Қазақстанның бірінші ракетасы Зарина Диас жаңа жылды Қытайда өтетін "Shenzhen Open-2015" турнирінен бастайды. Бұл туралы alaman.kz ұлттық спорт порталы хабарлады.
4 қаңтарда басталатын турнирде Зарина Диас жеке және жұптық сында жарысқа қатысады. Ол жекелей сында алғашқы кездесуінде әлемдік рейтингте 85-орында тұрған 18 жасар хорватиялық Донна Векичпен кездеседі.
Ал жұптық сында румын Моника Никулескумен бірігіп, сынға түседі. Қазақ-румын жұбының алғашқы қарсыласы украиналық егіздер Надила мен Людмила Киченколар болмақ.
Бұл жарыстан кейін Зарина Диас Австралия ашық чемпионатына, одан әрі Таиланд ашық біріншілігіне қатысады деп жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетсек, 21 жасар қазақ қызы Әйелдер теннис ассоциациясының (WTA) 2014 жылғы қорытынды рейтингін 33 орында аяқтады. Зарина бұл жылы үздік 20 теннисшінің қатарына енуді мақсат тұтып отыр.
Сурет: gotennis.ru