Қазақстандық теннисші Зарина Диас өзінің спорттық мансабында тұңғыш рет әлемдегі ең үздік 70 теннисшінің қатарына енді.
Бүгін жаңарған WTA рейтингінде жерлесіміз 85-ші сатыдан 70-ші орынға бір-ақ көтерілді. Естеріңізге сала кетсек, Зарина Диас Ұлыбританияның Ноттингем қаласында өткен ITF сериялы теннис турнирінің ақтық айқасында сүрінген болатын. Зарина финалда чехиялық теннисші Кристина Плишковаға есе жіберді.
Жиырма жастағы қазақ қызы бұл жетістігіне дейін 21 сәуірде жаңарған WTA рейтингінде 85 сатыда тұрған болатын.
Қазақстандық бірінші ракетка Ярослава Шведова 69-шы орыннан бір саты ғана жоғарылады. Жарақатына байланысты жарыстарға қатыса алмай жүрген, бұрынғы бірінші ракетка Галина Воскобоева болса 68-ші орыннан 87-ші сатыға сырғыды.
WTA рейтингінің алғашқы ондығында аздаған өзгерістер орын алды. "Ролан Гарростың" финалына шыққан румыниялық теннисші Симона Халеп бір сатыға жоғарылап, үздік үштікке енді. Ал, "Ролан Гарростың" жеңімпазы ресейлік Мария Шарапова 8-ші сатыдан 5-ші орынға көтерілді. Көш басында бұрынғыша америкалық теннисші Серена Уильямс келеді. Екінші орын тиісінше қытайлық теннисші Ли Наның еншісінде.
WTA рейтингі. Үздік 10 теннисші:
1 (1). Серена Уильямс (АҚШ) - 9660 ұпай,
2 (2). Ли На (Қытай) - 7450,
3 (4). Симона Халеп (Румыния) - 6435,
4 (3). Агнешка Радванска (Польша) - 5990,
5 (8). Мария Шарапова (Ресей) - 4741,
6 (6). Петра Квитова (Чехия) - 4570,
7 (7). Елена Янкович (Сербия) - 3995,
8 (5). Виктория Азаренко (Беларусь) - 3841,
9 (9). Ангелика Кербер (Германия) - 3830,
10 (10). Доминика Цибулкова (Словакия) - 3735
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vesti.kz