Еліміздің бірінші ракеткасы Зарина Диас алдағы жылы ұлттық құрама сапында Fed Cup турниріне қатысуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Диас Досқараев мәлімдеді.
"Бұл мәселе Заринаның өзіне тікелей байланысты. Біз оны жыл сайын команда сапына шақырамыз. Жыл сайын бірлесе жұмыс жасауға ұсыныс білдіреміз. Біздің басшылық Заринаға ұзақ уақыттан бері қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Алдағы жылы да оны ұлттық құрама сапында ойнауға шақыратын боламыз, - дейді Диас Досқараев.
Заринаның ұлттық құрама сапында Fed Cup турниріне қатысу-қатыспауы қаңтар айының орталарына дейін белгілі болады.
"Заринаға арнайы шақырту қаңтар айының бірі күні жіберіледі. Теннисші сол кезде өзінің жылдық күнтізбесін түзетін болады. Алда Австралия ашық біріншілігі бар. Одан кейін - Fed Cup турнирі, - дейді Диас мырза.
Естеріңізге сала кетсек, еліміздің бірінші ракеткасы Зарина Диас Рио-де-Жанейро Олимпиадасында ұлттық құрама сапында ойнағысы келетінін жеткізген болатын. Зарина бүгінде WTA рейтингінде 33 орында келеді.
Сурет: today.kz