Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі ғарышқа алғаш ұшқан ғарышкерлер жайлы арнайы сайт ашып, оған құпия құжаттарды орналастырды. Сайттағы бөлімнің атауы – "Земные орбиты покорителей космоса". Қазақшаласақ, "Ғарышты табындырған жандардың жердегі орбитасы". Сайтты мына сілтемеге кіріп, оқуға болады.
Көрші елдің қорғаныс министрлігі бұл құжаттарды Халықаралық авиация және ғарышкерлер күніне орай әрі Адамзаттың ғарышқа алғаш көтерілгеніне биыл 60 жыл толуына орай жариялаған екен. Мұндай тарихи артефактілердің ішінде ғарышқа алғаш ұшқан – Юрий Гагарин мен бірінші ғарышкерлер отрядының космоновтары – Герман Титов пен Алексей Леоновтың жеке құжаттары, мемлекеттік куәлігі мен фотосуреттері, ұшу тапсырмасы мен басқа да мұрағат қолжазбалары бар.
Бұл үш ғарышкердің орны бір төбе. Ал оларды ғарышқа дайындаған топ тағы бар. Олар – ғарышкерлер дайындау тобының басшысы Николай Каманин, нұсқаушы Марк Галлай, ұшқыш-майдангер Георгий Береговойдың, тағы да басқа танымал тұлғалардың құжаттары да жарияланды.
Құжаттардан ХХ ғасырдың ортасындағы дәуірдің бүкіл тыныс-тіршілігін көруге болады. Мәселен Юрий Гагаринге арналған бөлімде оның мектеп тәбілінен бастап, К.Ворошилов атындағы әскери авиация училищесінде қалай оқығаны, ұшқыш болуға қалай дайындалғаны, қанша сағат әуеде болғаны, ғарышқа ұшар алдында қандай ұшу тапсырмаларын алғаны, сынақ кітапшасы, қызметтік мінездемесі, төсбелгі қағазы – бәрі-бәрі сайрап тұр.
Училищеден берген мінездемесінде ұстаздары "Ұшуды жақсы көреді, ұшқанға батыл, өзіне сенімді. Ұшуға бар ынтасын салады, табанды, бастамашыл" деп мінез-құлқына баға берген. Сайтта КСРО Қорғаныс министрі, маршал Родион Малиновскийдің Гагаринге тапсырған майор атағының құжат көшірмесі тұр. Ал оның қасына Гагариннің 1961 жылы 14 сәуірде алған "КСРО ұшқыш-ғарышкері" әскери атағының электронды көшірмесі жарияланған. Мұндай атақты кейін Титов пен Леонов та алады.
Бір қызығы, сайтта жарияланған құжаттардан үш ғарышкердің Космосқа аман-есен барып, абырой-даңққа ие болғанына қарамастан, оқу мен білім алуды ешқашан тастамағаны байқалады. Өйткені сол жылдары үшеуі де Н.Жуковский атындағы Әскери-ғарыш инженерлік академиясында білімін жалғастырып, емтихан тапсырып жүрген екен. Гагарин бүкіл пәнді жақсы тапсырғанымен, жоғары математикадан жақсы баға ала алмапты.
Айта кеткен жөн, кеңес ғарышкері Юрий Гагарин 1961 жылы 12 сәуірде ғарышқа ұшқан еді. Байқоңыр айлағынан "Восток-1" ғарыш кемесіне отырып, Жер орбитасын айналып шығады. Бұған 108 минут уақыт кеткен екен.