Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Франция ашық біріншілігінің үшінші кезеңіне өте алмады. Отандасымыз екінші кезеңде украиналық Элина Свитолинадан ұтылып қалды.
Бірінші сетте қазақстандық теннисші қарсыласын 6:1 есебімен жеңіп шыққан болатын. Алайда екінші сетте 7:5 есебімен есе жіберіп алды. Шешуші сетте қос қарсылас 1 сағат 28 минут бойы өнер көрсетті. Нәтижесінде 9:7 есебімен жеңіске жеткен Элина Свитолина үшінші кезеңге өтті.
Айта кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Диас жекелей сында кортқа шығатын болатын. Отандасымыз бельгиялық Алисон ван Уитванкпен үшінші кезең жолдамасын сарапқа салады. Ал жұптасып өнер көрсетуде Зарина Й Сюймен бірге екінші кезеңге бүгін өткен болатын. Олар бірінші кезеңде украин және румын теннисшілері Надия Киченок пен Ралука Олару жұбын жеңіп шықты.