22 наурыз күні Астанадағы «Астана-Арена» стадионында Қазақстан құрамасы 2014 жылы Бразилия жерінде өтетін әлем біріншілігіне іріктеу сындарындағы кезекті кездесуін өткізеді. Бұл жолғы біздің қарсыластар ФИФА рейтингінің екінші сатысында орналасқан Германия құрамасы болмақ. Астанадағы кездесу алдында Германия құрамасының бас бапкері Йоахим Лев тілшілермен кездесіп, біршама сұрақтарға жауап берді.
— Ұлттық құрама сапындағы жігіттер бүгін толығымен жиналады. Дайындықты да бүгін бастап кетеміз. Біздің басты мақсат – Қазақстан құрамасына қарсы өткізетін екі кездесуде 6 ұпайға қол жеткізу,- деп бастады әңгімесін бапкер.
— Сіздер Астанада жасанды алаңда ойнайтын боласыздар. Бұл жағынан қандай қиындықтар болуы мүмкін?
— Әрине, біздің жігіттер жасанды алаңда көп ойнамайды. Астанаға аттанар алдында біз жасанды алаңда жаттығатын шығармыз. Дегенмен біз осы уақытқа дейін Астана және Мәскеудегі синтетикалық алаңда ойнап көрдік. Сондықтан да бұл фактор матчтың тағдырына кереғар әсер етпейді деп ойлаймын.
— Қазақстан құрамасының соңғы ойындарын көрдіңіз бе? Жалпы соңғы екі жылда Қазақстанның футболында өсу байқала ма?
— Өкінішке орай, мен Қазақстанның соңғы ойындарын әлі де көрген жоқпын. Дегенмен бұл команданың қорғанысы мықты. Бізге қарсы өткізетін ойында бұл жағдайды дәлелдейтін де шығар. Жалпы екі жылда Мирослав Беранектің шәкірттерінің деңгейі біршама өсті. Қазақстан үшін Германияға қарсы матч, жылдың басты ойыны болады. Сондықтан да Беранектің шәкірттері оңай алынатын қамал деп есептемеймін.
— Сіз баптайтын Германия құрамасы сапында қандай қиындықтар бар?
— Бірінші кезекте бұл Қазақстан мен Германияның ара қашықтығы. Жігіттер бірнеше сағаттық жол жүреді. Ал құрамаға келетін болсақ, біздің команданың көшбасшы ойыншылары Өзіл, Бадштубер, Хуммельс және Клозе жарақаттарына байланысты кездесуге қатыса алмайды.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбат УЕФА-ның ресми сайтынан алынды.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: www.championat.com