Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова «Үлкен дулыға» санатына жататын АҚШ ашық біріншілігі («US Open») турнирінің жұптық кезеңінде жартылай финалға шықты. Австралиялық Кейси Деллакуамен жұп құрап өнер көрсетіп жүрген отандасымыз ширек финалда ресейлік теннисшілерді жарыс жолынан шығарды.
Ярослава Шведованың жекелей сында жолы бола қойған жоқ. Үшінші кезеңде хорват теннисшісі Тереза Мрдежаға ұтылған-ды. Есесіне жұптық сында Кейси Деллакуамен бірге сәтті өнер көрсетіп келеді. Ширек финалда қазақстандық-австралиялық жұп ресейлік теннисшілер Алла Кудрявцева мен Анастасия Павлюченкованы жеңді. Есеп 6:2, 2:6, 6:3.
Жартылай финалда Ярослава Шведова мен Кейси Деллакуа жұбы америкалық Коко Вандевеге мен неміс теннисшісі Анна-Лена Гренефельд жұбына қарсы ойнайды.