Ярослава Шведова Боготадағы турнирдің финалында ұтылып қалды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
 Ярослава Шведова Боготадағы турнирдің финалында ұтылып қалды

Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова Колумбияның Богота қаласында өткен «Copa Colsanitas» халықаралық турнирінің финалында сүрінді. Отандасымыз шешуші ойында бразилиялық Телиана Перейрадан жеңілді.

БӨЛІСУ

Ярослава Шведова бірінші айналымда украиналық теннисші Марина Заневскаядан 6:4, 6:7(5), 6:2 есебімен басым түскен болатын. Екінші айналымда АҚШ елінің теннисшісі Сачия Викериді 6:0, 6:2 есебімен ұтты. Ал ширек финалда жарыстың екінші ракеткасы Моника Пуигті 7:6(1), 6:2 нәтижелерімен жеңді. Енді отандасымыз жартылай финалда колумбиялық теннисші Марино Дукені қапы қалдырған болатын. Бірақ, қазақстандық теннисшінің финалда жолы болмады.

Ярослава Шведова мен Телиана Перейра арасындағы ойын 1 сағат 21 минутқа созылды. 7:6 (7:2), 6:1 нәтижелерімен бразилиялық теннисшінің мерейі үстем болды. Отандасымыз WTA санатына енетін турнирдің финалына алғаш рет 2007 жылы шыққан. Сол жолы ол Италияда өткен «Bangalore Open» жарысының финалында Мара Сантангелоны жеңген. Араға сегіз жыл салып, ол өзінің екінші финалында жеңіске жете алмады. Ал бразилиялық 26 жастағы теннисші спорттық мансабындағы алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді.

Айта кетейік, Богота қаласында өткен «Copa Colsanitas» халықаралық турнирінің жүлде қоры 250 мың АҚШ доллары болатын.

Ярослава Шведова финалға дейін жетіп, сәтті өнер көрсеткен турнирінің қорытындысы бойынша WTA рейтингінде 19 орынға көтеріліп, 56-шы орынға көрінді. Ал Қазақстанның нөмірі бірінші ракеткасы Зарина Диас болса 1 саты төмен сырғып, 32-ші орынға тұрақтады.

Сурет: azattyq.mobi