"Вуэльта" көпкүндігі. "Астана" алда келеді

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
"Вуэльта" көпкүндігі. "Астана" алда келеді

Испанияда өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндік веложарысының екінші кезең қорытындысы бойынша «Астана» командасының көшбасшысы Винчелло Нибали жалпы есепте топ бастап келеді.  

БӨЛІСУ

Таулы кезеңдердің алғашқысы саналған екінші турда Нибали мәре сызығын 16-шы болып кесіп өтті. Велоспортшы кезең жеңімпазы атанған ирландиялық Николас Рочуге 14 секунд ұтылды. Екінші орын «Катюша» командасының өкілі испандық Даниэль Мореноға (4:37.11) бұйырса, үздік үштікті итальяндық Доменико Поццовиво қорытындылады (4:37.15).

Осылайша кеше Team Saxo-Tinkoff командасының мүшесі ирландиялық Николас Роч өз мансабы жолындағы ең маңызды жеңісіне қол жеткізді. Роч Понтеведрадан Альтоға дейін жалғасқан 177,7 шақырымды 4 сағат 37 минут 9 секундта басып өтіп, кезең жеңімпазы атанып отыр.  

Ал «Астана» кәсіпқой велокомандасының намысын қорғаған Нибали бірінші кезеңдегі топтық жарыста жеңіс тұғырына көтерілген өзінің командаласы Янец Брайковичтен қызыл жейдені тартып алып, жарыстың екінші күнінде жалпы есепте топ бастады. Екінші орында Роч келе жатыр (+7 секунд). Үшінші орын RadioShack Leopard командасының велошабандозы испандық Аймар Субелдия Агирреде (+10 секунд).

Қазақстандық команданың тағы бір велошабандозы итальяндық Паоло Тиралонга әзірге 12-орында келе жатыр. Көпкүндіктің үшінші кезеңі бүгін басталады. Ол да спортшылардың физикалық дайындығын байқатар таулы кезең болғалы тұр. Үшінші кезеңде спортшылар Виго мен Марадор де Лобейра арасын жалғайтын 184,8 шақырымды өтулері керек. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport-xl.net