Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында 94 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдені жеңіп алған Владимир Седов ел спортында жүрген легионерлер жайлы өз ойын ашық жеткізді.
- Мен осы арада бір құлаққағыс айта кеткенді жөн санап отырмын. Әлем чемпионаты алдындағы Анатолий Храпатыйды еске алу турнирінде іріктеу өтті. Мен өнер көрсеткен жоқпын. Кейіннен Қазақстан құрамасына ресейлік Ринат Киреев келуі мүмкін деген сыбыстар шықты. Өзіміздің кіл мықты жігіттер тұрғанда легионерлердің қажеті қанша?! Не үшін керек болғанын түсінбедім. Бізге ешқандай легионер керек емес! Біздің өзіміздің жігіттер бар. Оның айқын дәлелі, міне – Жасұлан! – деп 2009 жылы әлем чемпионы атанған Владимир Жасұланды жеңісімен құттықтады.
Алматыдағы әлем чемпионатында Владимир Седов жұлқа көтеруде 1999 жылы Афинада өткен әлем чемпионатында грек Акакикиос Какиашвилис рекордын қайталады. Бірақ, спортшы додада бұл рекордты жаңарту үшін емес, лицензиялық ұпай иелену үшін тер төккенін жеткізді. Сонымен қатар, әлем чемпионатын жоғарғы деңгейде ұйымдастырып жатқан барша жандарға, жанкүйерлерге өз алғысын білдірді.
Сурет: massaget.kz