2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында Владимир Кличко шаршы алаңда бақ сынағысы келеді. Бұл туралы ағайынды Кличколардың жанкүйерлер сайты хабарлап отыр.
Аса ауыр салмақтағы IBF, WBA, WBО, IBO жүйелері мен «The Ring Magazine» журналы нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы бар украиналық боксшы 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадада топ жарған болатын. Енді Бразилия жерінде де жүзден жүйрік шығып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанғысы келетінін жасырмады. Gulfnews сайтына берген сұхбатында:
- Мен 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысуды жоспарлап отырмын. Әрине оған дейін денсаулығым сыр бермесе. Әлі екі жарым жылдай уақыт бар. Бір жағынан қарағанда өтпестей көрінетін уақыт секілді, алайда тез-ақ өтіп кететіні белгілі – деді.
Естеріңізге сала кетсек, Владимир Кличко кәсіпқой бокста соңғы кездесуін өткен жылдың 5 қазанында ресейлік Александр Поветкинге қарсы өткізіп, сенімді түрде жеңіске жеткен болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет:sport.gazeta.kz