Бүгін Алматыдағы «Ritz-Carlton» қонақүйінде Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровтың «Менің алтын мансабым. 1998-2012» деректі кітабының тұсаукесері және велошабандоз атындағы қоғамдық қор жұмысының салтанатты ашылуы өтті.
«Раритет» баспасынан жарық көрген кітап 2000 данамен қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығып, Қазақстанның барлық кітапханаларына таратылатын болды. Кітапта жас спортшының жеңіс тұғырына табандылықпен жету жолдары баяндалады. Сол сияқты спортшының сонау Бескөлден тұманды Альбионға дейін жүріп өткен өмірлік жолы көркем өрнектелген.
- Кітапты көркемдеуге, ақпараттар жинауға ат салысқан ұжымға алғысымды білдіремін. Кітап менің көңілімнен шықты. Менің спорттық мансабымның ғажап сәттері тамаша көрсетілген. Бұл кітап болашақ чемпиондар тәрбиелеуге өз септігін тигізеді деген үміттемін – деді спортшы.
Александр Винокуров атындағы қоғамдық қор салауатты өмір салтын сақтау, халықтың спортпен шұғылдануына ден қоюуына, ұлттық және халықаралық жарыстарға барынша ат салысуға өз жұмысын арнамақшы.
Сонымен қатар Александр Винокуров «Астана» велокомандасының жаңа маусымдағы жаңа жейдесін де таныстырды. Жылдағы дәстүр бойынша еліміздің туы іспеттес жейдеде клубтың қазіргі таңдағы демеушілерінің танымбелгілері орналасқан.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: prosportkz.kz, stihi.ru