Виктор Кумыков «Ордабасы» тізгінін ұстады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Виктор Кумыков «Ордабасы» тізгінін ұстады

Қарағандылық «Шахтер» командасының бұрынғы бапкері Виктор Кумыков шымкенттік «Ордабасының» бас бапкері болып тағайындалды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Бүгін ресейлік маманды клубтың президенті Берік Омарбеков ресми түрде таныстырды. Шымкенттің ұжымның алдағы маусымға қойып отырған жоспарлары мен мақсаттарына шолу жасады. Ал Виктор Кумыков болса жақын күндері бұқаралық ақпарат құралдары алдында командамен бірге баспасөз мәслихатын өткізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, облыстың спорт және туризм бөлімінің басшысы Әлібек Нұртаевпен бірге «Ордабасының» инфрақұрылым мен даму мәселесін талқылады. Өз кезегінде Әлібек Нұрбайұлы ресейлік маманның команда тізгінін ұстағанына жанкүйерлердің де разы екендігін жеткізді. Виктор Кумыков та жаңа қызметі алдында өз ойын айта кетті.

- Біз келер маусымда жүлделі орыннан көріну үшін – бәріміз береке-бірлікте аянбай тер төгуіміз керек. Бар күшті командаға салып, тату-тәтті болуымыз шарт. Ал ойыншылар 11 желтоқсан күні бірінші оқу-жаттығу жиынына жиналатын болады, - деді.

Осыған дейін «Ордабасы» командасын Саулюс Ширмялис жаттықтырып келді. Литвалық бапкерге команда басшылығы мен жанкүйерлердің өкпесі жоғы анық. Шымкенттік ұжым Қазақстан біріншілігінің 2013/14 жылғы маусымында төртінші орын алып, келер жылы Еуропа лигасының жолдамасына ие болды. Ал «Шахтер» клубы мен Виктор Кумыков арасындағы келісімшарт 2014 жылдың 15 желтоқсанында бітуі керек еді. Алайда, 19 қараша күні Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков «Шахтер» клубының бас бапкерімен кездесу барысында келісімшарттың ары қарай ұзартылмайтынын айтып, Виктор Кумыковты қызметінен босатқан еді. Ал қарағандылық командаға әлі бапкер тағайындалған жоқ.

Сурет: fcordabasy.kz