Әлемнің сегізінші ракеткасы швейцариялық теннисші Станислав Вавринка «Үлкен дулыға» санатына жататын, Мельбурн қаласында өткен Аустралия Ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Финалдық кездесуде швейцариялық Вавринка әлемнің нөмірі бірінші теннисшісі испандық Рафаэль Надальды 6:3, 6:2, 3:6, 6:3 есебімен үш сетте тізе бүктірді. Айта кетейік, 27 жасар Надаль ойынның екінші сетінде жарақатына байланысты бірнеше мәрте медициналық үзіліс алуға мәжбүр болып, соның кесірінен ойынды 100 пайыздық деңгейде өткізе алмады. Ал Вавринка үшін бұл жеңіс «Үлкен дулыға» жарыстарындағы алғашқы үлкен жетістігі саналып отыр. Осыған дейін оның көрсеткен үздік нәтижесі 2003 жылғы АҚШ Ашық чемпионатының жартылай финалдық кезеңі болатын.
Бір қызығы, осыған дейін қос теннисші 12 мәрте кордта жүздесіп, Вавринка бірде-бір сетті өз пайдасына шеше алмаған екен.
Ал Australian Open турнирінің әйелдер арасындағы жарысында Қытай елінің ең табысты теннисшісі Ли На жеңіс тойын тойлады. Ол ақырғы кездесуде словакиялық Доминика Цибулковадан басым түсті. Қорытынды есеп: 7:6; 6:0.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 14 миллион АҚШ долларын құрайтынын айта кетейік.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: gazeta.ru