"Astana Arlans" клубының бас жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков Ресейдің "Patriot Boxing Team" командасымен өткен қарымта кездесуден кейін сұхбат берді. Сұхбат Астана президенттік клубының ресми сайтында жарияланды.
Қазақстандық клуб WSB жобасының жартылай финалына шықты. Финалға шығу үшін Ұлыбританияның "British Leonhearts" командасымен кездеседі.
- Ресейде жеңіске жеткеннен кейін сенімділік артты. Қарымта кездесуден қауіптендіңіздер ме?
- Әрине, абайлау керек. Барлық жігіттердің жеңіске деген жігері басым болды. Мен шығарған құрам да мықты болатын. Олжас Сәттібаев, Закир Сафиуллин, Асланбек Шымбергенов және Арман Рысбек. Олар осыған дейін бірнеше жекпе-жектен өткізіп, ысылған боксшылар. Мен оларға әрқашан сенемін.
- Бірінші кездесуде екі бірдей үздік боксшымыз қарсыластарына есе жіберіп алды...
- Антон Пинчук абайсызда жеңілді. Ондай жағдай бокста болып тұрады. Бір соққы және жекпе-жек аяқталды. Сол соққы ғана кездесудің нәтижесін шешіп кетті. Мұрнынан қан кетпегенде Антон қарсыласын ұтар еді. Ол оған дейін ресейлік жеңген. Тек бір соққы ғана шешіп кетті.
- Антон айығып қалды ма?
- Біз күн сайын телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз. Ол емделіп, бабына келіп жатыр. «Аға, шаршы алаңға шығуға дайынмын» - деген. Бірақ оған әлі аздап демалыс керек. Финалға шықсақ, ол міндетті түрде бізге көмектесетін болады.
Жартылай финалға ұлттық құрамадан Василий Левитті шақырттық. Мырзағали Айтжанов келісімін берді. Енді Василийдің жауабын күтеміз. Өткен маусымда Олимпиадаға дайындалуына байланысты екі рет ұсынысымызды қабыл алмады. Бұл салмақта Еркін Мұхамеджан да бар. Бірақ оған сенім арту ерте.
- Теміртас Жүсіпов 49 келіде Қазақстанның үздік боксшыларының бірі. Ресейде оған сәттілік жетіспеді ме?
- Ол ресейлік Батор Сагалуевке осыған дейін жеңілді. Осы жолы қарсыласынан гөрі жақсы жұдырықтасқан. Дәл соққылары көп болды. Дәрежелері тең шықты. Нәтижесінде төрешілер жеңісті шаршы алаң иесіне берді. Сырт алаңда қарсыласты ұту үшін бір бәс жоғары болу керек.
- Қарымта кездесуге ауыр салмақта Дмитрий Зиско мен Нұрсұлтан Аманжоловты шақырттыңыз. Мұндай шешім қабылдауыңызға не себеп болды?
- Бізде басқа жол болмады. Олжас Боқаев ауырып қалды. Оған алда ескерту жасайтын боламыз. Қамшыбек Қоңқабаев көмектеседі деп ойлағанбыз. Азия чемпионатынан кейін бабы келіспеді. Жарақаты да болды. Ол емделіп жатыр. Ұлттық құрама сапында дайындалуда. Сондықтан жекпе-жекке шығуға келіскен жоқ.
- Нұрлан Сәкенұлы отандастарымызбен бәсекелес жүретін өзбек боксшылары барлық жарысқа негізгі құраммен қатысады. Былай қарасаң, екі ел құрамасының жарыс кестесі де сай келеді. Олар аз уақытта бабына келіп үлгереді, ал бізде неге олай емес?
- Қиын сұрақ. Қазір бір дауыл алдындағы тыныштық секілді. Олар қазір бір толқында жарыстарға қатысып келеді. Олар да тоқтайды. Біздің жігіттер де қазір аздап бәсеңсігенмен, алда әлем чемпионатында көретін боламыз. Олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымовтың бір сөзі бар еді. «Өзбектер Азия чемпионатында жақсы жетістікке жеткенмен, әлем чемпионатынан құр алақан» - деген. Олар әлем чемпионатында бізден аз жүлде алған.
- Жартылай финалға ұлттық құрамадан тағы кімдерді шақыру ойыңызда бар?
- 75 келіге дейінгі салмақта Әбілхан Аманқұл бар. Оны да Мырзағали Айтжановтан сұрағанбыз. Астанада дайындықты шыңдап, Жекпе-жекті Қостанайда өткіземіз.
Айта кетейік, Василий Левит пен Әбілхан Аманқұл "Astana Arlans" сапын күшейтері даусыз. Василий 2013-2015 жылдар аралығында 14 жекпе-жекке шығып, 1 кездесуде ғана қарсыласына жол берді. Ал Әбілхан Аманқұл осы маусымда 3 жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жетті.