Испанияның «Валенсия» футбол клубы «Астана» ойыншысы Неманья Максимович үшін ақша шығындалмайтын болды. Команда серб жартылай қорғаушысын елордалық командамен келісімшарты аяқталғанша күтеді.
«Plaza Deportivo» басылымының хабарлауы бойынша «Валенсия» Неманья Максимович үшін 300 мың еуро шығындалуды жөн деп таппаған. Келісімшарты аяқталғанша күтуді жоспарлап отыр екен.
Жартылай қорғаушы «Валенсияға» жазда ауысады. Ол испандық клубпен алдын ала келісімшарт жасасып қойған. Ол келісімшарт бойынша ол командада 2021 жылға дейін ойнайтын болады. Жылын 7 миллион еуро көлемінде жалақы алады.
Неманья Максимович «Астана» сапына екінші оқу-жаттығу жиыны кезінде қосылады. Ол команданың Дубайда өткізіп жатқан бірінші оқу-жаттығу жиынына қатысқан жоқ.
Айта кетейік, жартылай қорғаушы «Астана» футбол клубында 2015 жылдың ақпан айынан бастап ойнап келеді. Екі маусым ішінде ірі жетістіктерге қол жеткізді. Екі рет ел чемпионы атанды. Ел кубогын жеңіп алды. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнады. Өткен маусымда футболшы Сербия жастар құрамасы сапында әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын өткізді. Неманья Максимович премьер-лигада 54 ойын өткізді. 9 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген.