“Үздік екенін дәлелдеді“. Ауыр атлетикадан әлем чемпиондары елге оралды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
“Үздік екенін дәлелдеді“. Ауыр атлетикадан әлем чемпиондары елге оралды
Фото ©️ Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасы Бахрейн елінің астанасы Манамада өткен әлем чемпионатынан оралды. Қалың жұртшылық жалпыкомандалық есепте үздік үштікке кірген ауыр атлеттерді Алматы әуежайынан құшақ жая күтіп алды, - деп хабарлайды Tengri Sport

БӨЛІСУ

Ауыр атлеттер Алматыға түн жарымда келіп қонды. Түн болса да, спортшыларды күтіп алушылардың қарасы көп болды. Олардың қатарында туыстары, достары мен әріптестері де болды. 

 Ұлттық киім киген арулар бауырсағын дайындап, қымызын ұсынды. 

Ал арнайы келген ансамбль ән айтып, күй тартып, айналаны әсем әуенге бөледі. 

Әуежайдың күтіп алу залына жеңіс тұғырынан көрінген спортшылардың суреті бейнеленген баннерлер ілінген. 

 Спортшылар шыққанша жанкүйерлер естелік суреттерге де түсіп алды. 

 Аздан соң күтіп алу залында күткен жанкүйерлер алдына спортшылар да шыға бастады. 

 Алғаш болып алтыннан алқа тағынған Нұрғиса Әділетұлы бой көрсетті. 

Жанкүйерлер спортшылар шыққан бойда қошемет көрсетіп, қиқуға басып, күтіп алды. Шапалақ ұрып, ауыр атлеттерді желпіндіре түсті. 

Әлем чемпионы атанған Нұрғиса Әділетұлы мен Артем Антроповқа дәстүр бойынша шапан жапты. 

Артем Антропов та екі алтын медаль (біреуі - кіші алтын). Бахрейнде отандасымыз Қатардан шыққан Олимпиада чемпионы Фарес Эльбахты басып озды. 

Еске сала кетейік, Бахрейндегі әлем чемпионатының қорытындысы бойынша 2 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Мұндай нәтиже қазақстандық ауыр атлетиканың 10 жылдық қиындықтан кейін әлемдік көшбасшы позицияға қайта оралғанын көрсетеді. Сарапшылар "ауыр атлетиканың жандануы" Қазақстан ауыр атлетика федерациясының жаңа президенті болып сайланған Гаджиев Гаджи Шапиевтің есімімен байланыстырады. Ол 2023-2024 жылдары ҚР ауыр атлетика федерациясының бірінші вице-президенті қызметін атқарды. 2023 жылы ұлттық құрамалардың бапкерлер құрамы жаңартылып, Бахрейнге бас бапкер болып Дәурен Бекмұханбетов бастап барды.

"Біз турнирге дайындалу үшін арнайы жоспар әзірледік, өйткені кейбір мәселелерді қалпына келтіру қажет болды. Шетелдік оқу-жаттығу жиынының ұйымдастырылуы да оң әсерін тигізді, себебі бұрын турнирге екі-үш күн қалғанда келіп, жергілікті жағдайға бейімделіп, ауа райына бейімделуге уақыт жетпей жататын", - дейді Дәурен Бекмұханбетов.

"Команда өте жақсы өнер көрсетті. Жоспарлар мен міндеттер барынша орындалды. Жігіттер өздерінің әлемдегі ең мықты спортшылар қатарында екенін дәлелдеді. Бұл турнир Қазақстанның келесі циклге көшбасшылардың бірі мәртебесімен кіретінін көрсетті. Біздің әлеуетіміз жоғары. Өткен тәжірибенің барлығы сараланып, барлық кемшіліктер ескерілді, барлық аспектілер бойынша ауқымды жұмыс атқарылды", - деп қосты ұлттық құраманың бас бапкері.

"Әрине, федерация басшылығы ауысқаннан кейін көптеген мәселеде жаңа көзқарас пен прогресс байқалады, даму бағдарламалары құрылып, реформалар жүргізілді. Өз кезегімізде біз, бапкерлер штабы, өз жұмысымызды атқарып, өзгерістер енгіздік. Жалпы алғанда, бапкерлер штабының, федерация басшылығының және спортты дамыту дирекциясының бірлескен жұмысы осындай нәтижелерге алып келді", - деп түйіндеді ол.

Бахрейндегі әлем чемпионатының жеңімпазы Артём Антропов өз жеңісін бүкіл елге арнап, қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

"Спортшылар үшін жеңіл жеңіс болмайды. Әркім қиын жолдан өтеді, мен спортта 18 жылдан бері жүрмін. Міне, осы жеңіске жеттім, бұл - еңбектің нәтижесі. Бұл жеңісімді Қазақстанға арнаймын, әсіресе осындай маңызды мереке - Тәуелсіздік күніне. Олимпиада ма? Әрине, мақсатымда бар. Оған ұзақ мерзімді жоспар керек. Жұмысты жалғастырып, біртіндеп алға жылжимыз", - деді ол.

 "Алтынның дәмі бөлек" - дейді Антропов. 

Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионатының алтынынан кейін енді басты мақсатына жетіп, келесі Олимпиадада сәтті өнер көрсетуге тырысатынын атап өтті.

"Біздің дайындық үш ай бұрын басталды. Федерация бізге барлық жағдайды жасады. Команда ішінде тамаша атмосфера қалыптасты. Мен үшін біраз қиын болды, себебі бұған дейін көп уақытты жіберіп алған едім, бірақ турнирге дайындала алдық. Әлем чемпионаты өте қызықты өтті және әрине, жеңіп алған жүлдем үшін қуанамын", - деді Нұрғиса.

"Әрине, әрбір спортшы үшін Олимпиада - арман мен мақсат. Біз дайындалатын боламыз, федерация басшылығына қолдау көрсеткені үшін тағы да алғыс білдіремін. Лос-Анджелестегі Олимпиадаға барынша дайын болуға тырысамыз, бірақ оған дейін көптеген маңызды жарыстар бар - әлем чемпионаты, Азия чемпионаты. Барлық жерде біз жоғары деңгейге сай болып, жеңіске жетуіміз керек", - деді ол.