Халықаралық статусқа былтыр ғана ие болған Алматы Марафон шарасы 2014 жылы 20 сәуірде үшінші мәрте өткелі отыр. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, Марафонға бұл жолы 10 000 адам жиналмақ.
Алматылықтардың салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған шараға 10 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Сонымен бірге, әр қатысушы бастапқы жарна ретіне ақша төлеуі тиіс. Ал марафон аяқталған соң жиналған ақша қайырымдылыққа жұмсалады. Ұйымдастырушылар жиналған ақшаны қайырымдылыққа қалай жұмсайтыны жайлы халыққа ашық ақпарат тарататынына кепілдік беріп отыр.
Марафон әртүрлі қашықтық бойынша жалғасады: 3 шақырым, 10 шақырым, 21 шақырым, 42 шақырым 195 м және марафондық эстафета (экиден). Экиден сайысында қаладағы түрлі компаниялардан корпоративтік командалар бәсекелеседі. «Алаш Медиа Групп» холдингінің құрамасы да жарыстан тыс қалмайды.
Алматы қаласы 2012 жылы 21 мамырда әлемнің ірі астаналары көп жылдар бойы өткізіп келе жатқан марафон жүгіру шарасын қолға алды. Осыдан кейін оңтүстік астанадағы тұңғыш қайырымдылық марафонына 2500 адам қатысты. Тура бір жыл өткен соң, 2013 жылы 28 сәуірде марафонға 6000 қатысушы жиналды.
2013 жылы Алматы Марафон – Марафондардың Халықаралық Ассоциациясы мен AIMS мүшелігіне өтіп, Бостон, Амстердам, Нью-Йорк марафондары сияқты белгілі марафондар қатарына қосылған еді.
Толық ақпаратты www.almaty-marathon.kz сайтынан алуға болады.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: almaty-marathon.kz