Жеңіл атлетикадан Иран астанасы Тегеранда басталған жабық кешендегі Азия чемпионатында үш қарғып секіруден Ирина Эктова үздік шығып, чемпион атанды.
Әйелдер арасында үш қарғып секіру сайысына Қазақстаннан екі спортшы аттанған болатын. Олар – Ирина Эктова мен Мария Овчинникова.
Иринаның үздік көрсеткіші 13,79 метр болды. Өзге спортшылар бұл нәтижені басып оза алған жоқ. Екінші орын үндістандық атлетке бұйырса, үздік үштікте Вьетнам спортшысы тұрақтады. Мария болса төртінші орынды қанағат тұтты.
Айта кетейік, осыған дейін 3000 метрге жүгіруде Татьяна Нерознак алтын, биіктікке секіру бәсекесінде Надежда Дубовицкая қола алған болатын.
Жеңіл атлетикадан VIII жабық кешендегі Азия чемпионаты.
1 ақпан. Иран, Тегеран. Үш қарғып секіру, әйелдер:
1. Ирина Эктова (Қазақстан) – 13.79 м
2. Шина Нелликал (Үндістан) – 13,37 м
3. Тхи Тху Тхао Буи (Вьетнам) – 13,22 м
4. Мария Овчинникова (Қазақстан) – 13,00 м