Шілде айында шетел тілін оқуға шаһардың 120-дан астам медицина қызметкерлері кіріскен. Екі ай бойы С.Демирель атындағы университеттің оқытушылары тəлімгерлерге бастапқы («Elementary») деңгейін оқытқан. Оқытушылардың бірі Якуб Догонайдың айтуынша, медқызметкерлер ағылшын тілін оқуда ықылас танытқан.
«Екі ай аралығында дəрігерлерге ағылшын тілінің базалық деңгейін оқыттық. Осы уақыт ішінде 120-дан астам мамандар білімін жетілдіріп, алда өтетін 2017 жылғы Универсиадада шетелдік спортшылармен тілдесіп, оларға дəрігерлік көмек көрсетуге дайын деп айтуға болады. Аталған курстар тегін өткізілді, осылайша біздер Универсиаданың дайындығы мен өткізілуіне өзіндік үлес қосуды шештік», – деді С.Демирель университетінің оқытушысы Якуб Догонай.
Ағылшын курсынан сәтті өткендерге сертификатты Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Өтепбергенова табыстады. Ол, медицина қызметкерлерінің ағылшын тілін үйренуі, оларға Универсиада кезінде үлкен септігін тигізетінін алға тартты.
«Универсиадаға шет елден көп спортшы келеді. Оларға жарыс кезінде міндетті түрде дәрігерлік көмек көрсетіліп жатады. Мұндай сәтте біздің қызметкерлер базалық деңгейде болса да, ағылшын тілін білуі тиіс. Осы курстар міндетті түрде септігін тигізеді», – дейді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Өтепбергенова.
Медицина қызметкерлеріне ағылшын тілін үйрету мұнымен аяқталмайды. Қазан айында тағы бір топ жасақталып, дәрігерлер арнайы курстан өтеді. Сондай-ақ, мұндай курстар алдағы уақытта төтенше жағдайлар қызметкерлеріне де ұйымдастырылмақ.
Дереккөз: almaty2017.com