Алматыда өтіп жатқан ХХVIII қысқы Универсиада ойындарында Қазақстан қоржынына он бірінші алтын медаль түсті. Қазақстандық биатлоншы қыз Галина Вишневская бәрінен үздік шықты.
12.5 шақырымдық масс-старт сынында отандасымыз 36:15.4 минут уақыт көрсеткішімен жеңімпаз атанды. Күміс медаль украиналық спортшы Яна Бондарға бұйырды. Ол Галинадан 1 минуттан асық уақытқа қалып қойды. Қола медальды ресейлік биатлоншы Лариса Куклина иеленді.
Қазақстандық спортшылар Елизавета Бельченко - төртінші, Дарья Усанова бесінші орыннан көрінді. Александра Сассина - он үшінші, Анастасия Кондратьева жиырмасыншы нәтиже көрсетті. Ал Алина Райкова жарысты жарты жолдан аяқтады.
Айта кетейік, Галина Вишневская Алматыдағы Универсиада ойындарында екінші рет жеңімпаз тұғырынан көрініп отыр. Ол 7,5 шақырымдық спринттік сында үздік шыққан болатын. Сондай-ақ аралас эстафета мен 15 шақырымдық жекелей сында күміс алған еді.