Алматыда өтіп жатқан XXVII қысқы Универсиада ойындарының бірінші ресми жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасының қоржынына үш жүлде түсіп, жалпыкомандалық есепте бесінші орында келеді.
Бүгін Қазақстан құрамасы сапында шаңғы спортынан 5 шақырымға классикалық стильмен жүгіруден сынға түскен Анна Шевченко қола жүлде алды. Фристайлдың акробатика түрінен жарыс жолына шыққан Жібек Арапбаева күміс медаль олжаласа, Жанбота Алдабергеноваға қола жүлде бұйырды.
Командалық сында 4 алтын, 4 күміс және 1 қола жүлдесі бар Ресей құрамасы көш бастады. Екінші орында Қытай (2 алтын, 1 қола) болса, үштікті Польша құрамасы (1 алтын, 1 қола) түйіндеп тұр.
Айта кетейік, 28-ші қысқы Универсиада ойындарына жалпы 57 елден 2000-нан аса спортшы қатысып жатыр. Қазақстан атынан 171 спортшы 12 спорттың түрінен бақтарын сынайды. Универсиада ойындары барысында 85 медаль жиынтығы сарапқа салынады.