Ұлттар лигасы. Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойынды сәтсіз аяқтады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Ұлттар лигасы. Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойынды сәтсіз аяқтады

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы топтық кезеңіндегі соңғы ойында Әзербайжанға есе жіберді. Мардакянда өткен ойында алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Магомед Адиев жаттықтыратын қазақстандық футболшылар 37-минуттан бастап ойынды 10 футболшымен жалғастырды. Ұлттық құраманың қорғаушысы Нұрәлі Әліп екі сары қағаз алып, алаңнан қуылды.

Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Есесіне екінші таймда өз әсерін тигізді. Шабуылын үдеткен Әзербайжан құрамасы жеңіске бастар жолды тапты.

66-минутта алаң иелері шабуылының бірінде доп Александр Марочкинге тиіп қақпаға енді – автогол. Араға 8 минут сала Филип Озович есепті еселеді.

Ойын аяқталар тұста Анатолий Нуриев Игорь Шацкий қорғаған қақпаға үшінші рет допты тоғытып, алаң иелеріне жарқын жеңіс сыйлады.

Айта кетейік, бұл жеңіліс Қазақстан құрамасының топтағы көрсеткішіне әсерін тигізбейді. Ұлттық құрама 5 тур нәтижесі бойынша 13 ұпаймен топта бірінші орынды иеленіп үлгерген болатын.