Футболдан Қазақстан құрамасы коронавирус пандемиясының салдарынан орнаған ұзақ үзілістен соң алғашқы ресми матчын өткізді.
Ұлттар лигасының С тобында Қазақстан құрамасы жеребе қорытындысы бойынша Литва, Албания және Беларусь ұжымдарына қарсылас атанған. Биылғы маусымның шымылдығын ашқан алғашқы ойында Михал Билектің командасы Литваға қонаққа барды.
Екі құрама өзара бір ғана мәрте кездескен. 2014 жылы 5 наурызда өткен жолдастық матч 1:1 есебімен аяқталған болатын. Ал ресми матчтарда жолдары түйіспеген.
Вильнюс қаласындағы "LFF — Ветра" стадионында өткен ойынға көрермендер қатысқан жоқ. Дегенмен бұған қарамастан матч қызыққа толы өтті. Матчтағы есепті жақында ғана Мәскеудің ЦСКА-сына ауысқан Бактиер Зайнутдинов ашты. Қапталдан Бауыржан Исламхан әуелетіп көтерген допты жас шабуылшы қақпаға дәл бағыттай білді.
Бірінші таймның орта тұсында Михал Билек күтпеген жерден гол авторын Максим Фединге ауыстыруды шешті. Бактиер Зайнутдинов ойын барысында жарақат алып, сылт басып жүрді. Ойынның жарты тұсында Қазақстан құрамасының есепті еселей түсетін мүмкіндігі болған. Исламханнан пас алған Вороговский қақпаға дәл соққы жасағанымен, допты Литва қақпашысы тосып алды.
Ойынның екінші бөлігінде алаң қожайындары жаппай шабуылға шықты. Таразы басын теңестіруге Литва ойыншыларының бірнеше мүмкіндігі болған. Алайда бірде қақпадан сәл қиыс кетсе, енді бірде доп Стас Покатиловтың қолынан табыла білді.
Матч аяқталуына аз қалғанда алаңға тыңнан қосылған Исламбек Қуат есепті еселей түсті. 86-ші минутта Қазақстан құрамасының ойыншысы жасаған соққы маңдайшаға тиіп, қақпаға дөп кірді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 2020 жылдың алғашқы матчында жеңіске жетіп, 3 ұпайды қанжығалады.
Ұлттар лигасы. С тобы
Литва – Қазақстан 0:2 (0:1)
Голдар: Зайнутдинов, Қуат
Литва: Барткус, Баравикас, Паленис, Гирдвайнис, Миколюнас, Шимкус, Ласицкас, Воробьев, Сиргедас, Казлаускас, Черных
Қазақстан: Покатилов, Быстров, Вороговский, Әліп, Малый, Марочкин, Перцух, Әбікен, Исламхан, Сүйімбаев, Зайнутдинов
04.09.2020, Литва, Вильнюс, "LFF — Ветра" стадионы