Ұлт спортын жүйелі жаңғырту: легионерлерге мемлекеттік қаржы тоқтайды

Айжан Бақдаулет Корреспондент
Айжан Бақдаулет>
 Ұлт спортын жүйелі жаңғырту: легионерлерге мемлекеттік қаржы тоқтайды
Фото ©️ gov.kz

Сенат 27 наурыз мемлекеттік бюджет есебінен шетелдік спортшыларды (легионерлерді) қаржыландыруға тыйым салатын заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Енді бұл өзгерістер Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Түзетулер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Олимпиададан кейін айтқан сынынан кейін әзірленді. Ол кезде Президент: "Әрбір легионер – ұлттық құрамадағы жас әрі дарынды спортшының орнын тартып отыр", – деп атап өткен еді.

Жаңа түзетулер аясында:

  • Ұлттық спорт федерациялары аймақтықтарға қарағанда басымдыққа ие болады;
  • Кәсіпқой клубтарға бөлінетін қаржыға шектеу қойылады, ал үнемделген қаражат бұқаралық және балалар спортына бағытталады;
  • Жергілікті билік спорт пен дене шынықтыру қызметтеріне баға реттеу тетігін иеленеді;
  • Спорттық медицина мен спортшыларды даярлау стандарттары күшейеді;
  • Спорт ұйымдары басшыларын ауыстырудың ротациялық жүйесі енгізіледі;
  • Легионерлерге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуге тыйым салынады.

Осыған орай тілшіміз Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналинмен сұхбаттасты.

Руслан мырза, спорт саласындағы реформа несімен маңызды? Вертикалды басқару үлгісі не береді?

– Реформа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Оның негізгі мақсаты – заңнаманы жаңарту, қаржыландырудың ашықтығы, бұқаралық спортты дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту. Вертикалды басқару жүйесі соның негізгі тетіктерінің бірі. Бұл – кадрлық саясатқа бірыңғай көзқарас пен орталықтандырылған үйлестіру. Қазірдің өзінде 11 өңірде спорт басқармаларының басшыларына кандидатуралар келісілді. Министрлік жанынан құрылған конкурстық комиссия да ашықтық пен басқару тиімділігін арттыруға сеп болды.

 – "Дене шынықтыру және спорт туралы" заң жобасының қазіргі мәртебесі қандай?

– Заң жобасын Министрлік жүйелі реформа аясында әзірледі. 2025 жылғы 29 қаңтарда Мәжіліс оны екінші оқылымда мақұлдады. Қазір құжат Сенаттың қарауында. Онда бюджет шығындарын шектеу, легионерлерді қаржыландыруға тыйым салу, басым спорт түрлерін нақтылау, жан басына шаққандағы қаржыландыру, федерацияларды аккредитациялау, экстремизмнің алдын алу, мүгедек спортшыларға арналған жаңа стандарттар мен ротациялық басқару тәртібі қарастырылған.

 – Легионерлерге қаржылық шектеу не үшін қажет болды?

– Бұл – мемлекеттік қаржыны мақсатты жұмсау туралы мәселе. Яғни қаржы ең алдымен қазақстандық спортшылардың дамуына бағытталуы керек. Легионерлер отандық клубтарда өнер көрсете алады, бірақ бұл – демеушілер мен бюджеттен тыс көздер есебінен ғана. Ал мемлекет өз ресурсын отандық спортшылар мен резервтерді қолдауға бағыттайды.

 – Басым спорт түрлеріне не кіреді?

– Қазір шамамен 60–65 спорт түрінен тұратын тізім жасақталып жатыр. Оған Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық, Азиада және Паразиада бағдарламаларына кіретін спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорттар кіреді. Аймақтық ерекшелік, бапкерлер құрамы мен инфрақұрылым мүмкіндігі ескеріледі.

 – Спорт федерацияларында қандай өзгерістер болады?

– Ұлттық федерациялар республикалық және өңірлік федерациялармен теңестіріледі. Сонымен қатар аккредитация талаптары күшейтіледі:

  • Аймақтық федерациялар ұлттыққа мүше болуы тиіс;
  • Дайындық стандарттарының болуы;
  • Халықаралық (ХОК-қа кіретін) федерациялардың мойындауы міндет.
  • Федерациялар спорттық ортада діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында да жұмыс атқарады.

 – Кәсіпқой клубтарды қаржыландырудағы лимит қалай жұмыс істейді?

– Ойын спорт түрлеріндегі клубтар үшін МРП-ға (айлық есептік көрсеткіш) негізделген қаржыландырудың шекті деңгейі енгізіледі. Бұл инфляцияны ескеруге, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қаржыны жыл сайын автоматты қысқартудан сақтауға мүмкіндік береді. Үнемделген қаржы бұқаралық және балалар спортына, инфрақұрылымға бағытталады.

Кадрлар тоқырауына қарсы қандай шаралар қарастырылған?

– Жақсы сұрақ. Министрлік 5 жыл сайынғы ротация механизмін енгізіп отыр. Бұл тиімділікті арттырып, "тоқырауды" болдырмауға көмектеседі. Егер өңірде бір ғана ұйым болса, ротация сол облыс ішіндегі аудан немесе қала арасында жүзеге асады.

 – Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға сүйемелдеуші тағайындау не үшін керек?

– Бұл жаңашылдық І топ мүгедектігі бар спортшыларға қатысты. Оларға жаттығу және жарыс кезінде, медициналық тексерулер мен тұрмыстық жағдайда көмектесетін арнайы адам қажет. Бұл параспорттың сапалы дамуына жол ашады.

 – Балалар спортын қалай қолдайсыздар?

– Ең басты қадам – жан басына шаққан қаржыландыру. Бұл – қаражаттың көлемі оқушылар санына байланысты белгіленетін жүйе. Қаржыландыру ашық әрі әділетті болады, спорт мектептерін даму мен бәсекеге ынталандырады. Қаржыландыру көлемі екі есеге жуық өседі: бір балаға жылына 400 мың теңгеге дейін. Материалдық база мен жабдықтарға жұмсалатын үлес те 4%-дан 11%-ға дейін артады. Пилоттық жоба 2025 жылы Шортанды мен Ақтөбе облысында іске қосылады, ал толық енгізілуі – 2026 жылдан бастап.

Ал бапкерлердің жалақысы өседі ме?

– Иә. Жаңартылған стандарттарға сай бағдарламаларды іске асырып жатқан бапкерлердің орташа жалақысы 30%-ға өседі. Бұл – кадрлық әлеуетті нығайтудың маңызды қадамы.

 – Цифрландыру саласында қандай өзгерістер күтіледі?

– Жүйелі түрде іске асып жатыр. "E-спорт" платформасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Онда:

  • Спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілердің электронды паспорттары,
  • Іс-шаралар күнтізбесі,
  • Нысандар тізімі,
  • Жарыстардың цифрлық есептілігі енгізіледі.

Пилоттық модульдер 2024 жылы іске қосылды. Негізгі функционал 2026 жылға дейін аяқталады, ал толық интеграция 2027 жылдан бастап басталады.

Сіз аймақтардағы жұмыс тобына жетекшілік еттіңіз. Қандай мәселелер анықталды?

– Резерв пен жоғары спорт арасындағы сабақтастық жеткіліксіз. Олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінің дамуы арасында теңсіздік бар. Осыған байланысты кейбір аймақтық спорт ұйымдарын орталық органға тікелей бағындыру қарастырылып отыр.

Реформаларды жүзеге асыруда өңірлер мен федерациялармен байланыс қалай жүргізіледі?

– Өңірлік жұмыс топтары құрылды, кері байланыс тұрақты жүргізіледі. Барлық шешім – кадрлардан бастап цифрландыруға дейін – жергілікті деңгейдегі қатысушылармен бірге қабылданады. Біз бұл реформаны барлық тараптың ортақ жауапкершілігіне негіздеп отырмыз.

Аталған реформалар халықаралық деңгейде Қазақстан спортына не береді?

– Бұл – сапалы дайындық, инфрақұрылым мен кадрлық әлеуеттің артуы. Бірақ бәрі уақыт пен тұрақты жұмысқа байланысты. Бастысы – жүйелілік пен орындалудың дәйектілігі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!