УЕФА шешімі бойынша «Ақтөбе» командасының капитаны Петр Бадло «Қазақстандағы жылдың үздік ойыншысы» атанды. Қорғаушы маусымда команда сапында 29 кездесу өткізіп, 4 рет нәтижелі соққысымен көзге түскен. 37 жастағы украиналық футболшы 3 шешуші кездесуде қарсыластарының қақпасына доп тоғытқан екен.
Ал «Шахтер» қақпашысы Стас Покатилов УЕФА таңдауы бойынша «жылдың үздік жас ойыншысы» атағын иеленді. Ол маусымның басында оралдық «Ақжайық» командасының негізгі құрамында өнер көрсеткен болатын. Жазғы трансфер маусымында «кеншілер» құрамын толықтырған еді. Соңғы Еуропа Лигасының топтық кезеңі аясындағы «АЗ»-ға қарсы кездесуде де шеберлігімен танылған-ды.
Сонымен қатар «Жыл жаңалығы» атағын «Қайрат» командасы алды. Словакиялық маман Владимир Вайсстың келуімен ойын жүйесі өзгерген алматылық команда премьер-лигада қола жүлдені қанжығалады. Соңғы сегіз жылда қол жеткізпеген биігіне көтерілді.
Жыл қорытындысы бойынша «Ақтөбе» Чемпиондар Лигасының, ал «Астана», «Шахтер», «Қайрат» Еуропа Лигасы іріктеу кезеңдерінен кездесулерін бастайды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: fcaktobe-fans.kz