Қазақстан Ауыр Атлетика Федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов Халықаралық ауыр атлетика Федерациясының (IWF) вице-президенті атағына үміткер. Бұл туралы Vesti.Kz спорт порталы хабарлайды.
2013 жылдың 20 және 22 мамыр аралығында Ресей астанасы Мәскеу қаласында Халықаралық ауыр атлетика Федерациясының кезекіті конгрессі болады. Дәл сол жиын барысында федерация басшылары бірнеше маңызды сауалдарға жауап іздейді. Оның ішінде IWF-ның жаңа президенті мен вице-президенті кім болатыны да анықталады. Қолдағы бар мәліметтерге сүйенсек, президенттік орынға өз кандидатурасын Федерацияның бүгінгі басшысы венгриялық Томаш Аян қайта ұсынған екен. Томаш мырза ауыр атлетика федерациясының президенті атағын 2000 жылы алған болатын. Ал, кейін 2005 және 2009 жылдары ол өзінің орнын қайта сақтап қалған. Биыл бұл атақ үшін Аян мырза Халықаралық ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Ма Венгуан мен вице-президент Дрогомир Киорослан секілді азаматтармен таласады.
Ал 2001 жылдан Қазақстан ауыр атлетика федерациясын өрге сүйреген Қайрат Тұрлыханов алдағы жиын барысында федерацияның вице-президенті деген атағы үшін таласатын болады. Сонымен қатар, Қайрат Болатұлынан бөлек бұл атаққа 40 шақты адам үміткер.
Сондай-ақ, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсир Халықаралық ауыр атлетика федерациясының техникалық комитенің қатарына үміткер 40 адамның тізіміне енген. Тағы да бір отандасымыз Иван Сивохин IWF-тің зерттеу бөлімінің басшысына өз кандидатурасын ұсынып отыр.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz