Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық турнир басталды

Еркебұлан Қайрахан Корреспондент
Еркебұлан Қайрахан>
Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық турнир басталды

Түркістан қаласында 2000 жылы Сиднейде өткен XXVII жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы XIV халықаралық турнир өтіп жатыр, – деп хабарлайды Отырар арнасы.

БӨЛІСУ

Сайысқа Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қазақстан Республикасының барлық облыстарынан 200-ге жуық жас спортшы қатысып отыр. 13 салмақ дәрежесі бойынша өтетін сайыстың ерекшелігі 3 салмақ дәрежесінде қыздар да бақ сынайды.

Жыл сайын дәстүрге айналған халықаралық турнир биыл ерекше сән-салтанатымен басталды. Ер Бекзаттың өміріндегі айтулы күндердің құрметіне орай ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанаты Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дың мәдениет сарайында өтті.

Жастар арасындағы халықаралық сайысты ресми түрде облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков ашып беріп, барлық спортшыға сәттілік тіледі. Бұдан соң Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев, Олимпиада жеңімпаздары С.Сәпиев, Б.Сәрсекбаев ел алдында ыстық лебіздерін жеткізіп, Б.Саттархановтың ата-анасына сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

Жарыстың ашылу салтанатында тұңғыш Олимпиада жеңімпазы Б.Саттархановқа арналған фильм көрсетіліп, белгілі айтыскер ақын Б.Шойбеков бастаған өнер жұлдыздары Қ.Нұртас, Б.Мұстафаев пен жергілікті өнерпаздардың ән жырымен жалғасты.

Айта кету керек, халықаралық турнир сәуірдің төртіне дейін жалғасады.

сурет: tengrinews.kz