Триатлоннан ҚР V Жазғы Спартакиадасы мәресіне жетті

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Айбар Рысдәулет>
Триатлоннан ҚР V Жазғы Спартакиадасы мәресіне жетті
Фото ©️ Triathlon.org.kz

Бүгін Қарағандыда триатлоннан Қазақстан Республикасының V Жазғы Спартакиадасы аяқталды.

БӨЛІСУ

Соңғы күні Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Ақмола, Түркістан және Шығыс Қазақстан облысынан 6 команда бақ сынады. Айта кетерлігі, бұл командалар Қазақстан кәсіпқой триатлонының тарихына Mixed Relay тәртібінде жүлдеге таласқан командалар болып енді.

Әр команданың сапында Elite (2 әйел + 2 ер) санаты бойынша төрт атлет болып, олардың әрқайсысы 250 метрге жүзу, велосипедпен 6,6 шақырымды бағындыру және 1600 метрге жүгіру секілді қашықтықтарды бағындырды. Оның үстіне ауа-райының ыстық болуы атлеттерге қысымды күшейте түсті.

Дегенмен бәсекелестік бар жерде жеңімпаз да бар. Қарсылас шақ келтірмеген Ақмола құрамасы үздік атанды. Жеңімпаз команданың сапында Надежда Бекмағанбетова, Аян Бейсенбаев, Ашраф Камалова және Мейірлан Ысқақов бақ сынады. Ақмола облысының командасының көрсеткіші - 1 сағат 29 минут және 13 секунд. Ал күміс жүлдені Шымкент қаласының құрамасы қанжығасына байлады. Олар жеңімпаз командадан бар болғаны 13 секунде қалып қойды. Шымкент құрамасында Бибіжан Қалдыханова, Даниил Зубцов, Хафиза Гултураева және Семен Пивоваров өнер көрсетті. Үздік үштікті Түркістан облысының құрамасы түйіндеді. Милена Саприна, Медет Нұрғалиев, Аружан Аманжолова және Ерасыл Аманжолов бастаған топ 1 сағат 43 минут көрсеткішімен қоланы қанағат тұттты.

Артынша Age Group (әуесқойлар) санатының атлеттері жарыс жолына шықты. Әуесқой атлеттер “TEMIRADAM” Кубогының VII кезеңінің рейтингілік ұпайларын сарапқа салды. Жеке сында 38 атлет және 2 эстафеталық команда 750 метрге жүзу, 20 шақырымды велосипедпен бағындыру және 5 шақырымға жүгіруден тұратын “спринтерлік” қашықтықта бақ сынады. 

Age Group санатында үздік нәтижені Ташкент қаласының тұрғыны Андрей Шарипов көрсетті. Оның көрсеткіші 1 сағат 2 минут 30 секунд. Ал қыздар арасында 2018 жылғы “TEMIRADAM” Кубогының жеңімпазы Әсел Сәдуақасова (1 сағат23 минут 7 секунд) қарсылас шақ келтірмеді. Бір қызығы, Андрей Шарипов та, Әсел Сәдуақасова да өткен жылы “TEMIRADAM” Кубогының кезеңін жеңіп алған болатын. Командалық сында Қарағандының құрамасы жеңіске жетті.

Барлық нәтижені мына сілтеме бойынша көре аласыздар.