Токио Олимпиадасына Қазақстаннан екі ауыр атлет ғана қатысуы мүмкін - БАҚ

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Токио Олимпиадасына Қазақстаннан екі ауыр атлет ғана қатысуы мүмкін - БАҚ
Фото ©️ massaget.kz, olympic.org

Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) допинг дауына байланысты жаңа ережелер қабылдауда. Соның бірі салқыны қазақстандық ауыр атлеттерге де тиіп тұр.

БӨЛІСУ

Күні кеше Reuters басылымы IWF ережелеріне қатысты жаңа деректер жариялады. Онда 2008 жылдан 2018 жылға дейін антидопинг ережесін ең көп бұзған елдерге қатысты шешімнің бір ұшы айтылған. Бұл аралықта спортшылары допингпен ұсталған құрамалар қатарын Ресей, Қазақстан, Армения, Әзірбайжан мен Беларусь елінің спортшылары бастап тұр.

Басылым ақпараты бойынша жоғарыда аталған 5 мемлекет Токио Олимпиадасына 2 спортшыдан ғана қатыстыра алады. Яғни, бір ер және бір әйел спортшы. Ал 2020 жылдың сәуір айына дейін бұл ел спортшылары тағы бір допингпен ұсталса, Олимпиада ойындарынан шеттетіледі.

2008 жылдан бері оннан асық, жиырмаға жуық рет антидопинг ережесін бұзған құрамалардан Токио Олимпиадасына 4 спортшы (екі – ер, екі – әйел) қатыса алады. Бұл санатқа 10 елдің тізімі енген. Арасында Болгария, Иран мен Үндістан құрамалары бар. Ал ереже бұзу көрсеткіші 10-ға жетпеген құрамалар 8 спортшыдан (ерлер мен әйелдер теңдей) алып барады.

Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығының (IWF) жаңа ережелері мен талаптарын Халықаралық Олимпиада Комитеті (IOC) мен көптеген елдердің федерациялары қолдауда.

Ауыр атлеттердің Олимпиадаға жолдама алу ережесі өзгереді

Спортшыларға берілетін Олимпиада жолдамасы тағы қысқарады. 2016 жылы Риода 260-тан 196-ға дейін азайтылған еді. Токиода 196-дан да аз болуы мүмкін. Сондай-ақ енді Олимпиадаға әр елден 4 ер және 4 әйел спортшы ғана қатыса алады. Бұрын 6 ер және 4 әйел қатысатын еді. Бұл тұста ХОК гендерлік теңдік саясатын ұстанып отыр.

Осыған дейін Олимпиада жолдамасы командаға беріліп келді. Енді жеке спортшыға беріледі. Токиодағы төртжылдықтың басты додасына қатысатын ауыр атлеттер енді жеке көрсеткіштері үшін күш салады. Яғни, іріктеу жарысы өтетін 18 ай ішінде 6 жарысқа қатысып, ұпай жинаулары тиіс. Ең көп жинағандары ғана жолдамаға ие болады. Іріктеу жүйесінің толық ережесі биылғы әлем чемпионаты жақындағанда жарияланбақ.

Айта кетейік, 2017 жылдың қазан айында Армения, Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Қытай, Молдова, Қазақстан, Түркия және Украина құрамалары 1 жылға жарыстардан шеттетілген болатын.