17-19 шілде аралығында Чехия Республикасының Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан компьютер бағдарламалары бойынша ІІІ әлем чемпионаты өтті. Аталған жарыста қазақстандық бағдарламашылар 6 ұпаймен І орынды иеленді. Бұл туралы штаттық ұлттық командалар мен спорттық резерв дирекциясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және тоғызқұмалақтан Чехия Республикасының федерациясы халықаралық деңгейде тоғызқұмалақ спорт түрін насихаттау үшін ірі жобаларды іске асырып келеді. Тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде таныту үшін зияткерлік ойындарды жазатын әлемнің үздік бағдарламашылары арасында да біріншіліктер ұйымдастыруда. Биыл өткен әлем чемпионаты да осы мақсатта ұйымдастырылып, жеңімпаздарын анықтады.
Тоғызқұмалақтан компьютер бағдарламалары бойынша өткен ІІІ әлем чемпионатында Ернар Шамбаев, Диана Кенина және Серік Ақтаевтың бірлесе жасаған бағдарламасы үздік деп танылды. ІІ орынды Қырғызстан елінің бағдарламашылары иеленсе, ІІІ орынға Чехия Республикасының авторлары дайындаған бағдарламасы лайық деп танылды.