2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы Қазақстан мен Түркия кездесуінде тиін (сарыала тышқан) киімін киген жанкүйер алаңға жүгіріп шыққан болатын. Ал оның тәртіп бұзғаннан кейінгі тағдырына алаңдаушылар көп болған еді.
Тиін немесе сарыала тышқан киімін киген жанкүйер Қазақстан мен Түркия кездесуінен кейін нағыз ғаламтордың қаһарманына айналып шыға келді. Ал оны 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін деген ақпарат пайда болып, қоғамда қызу талқыланып кетті. Ғаламтор қолданушылары тіпті түрлі саяси және өзге де жағдайлармен салыстыра қарай бастады. Бүгін мәлім болғандай, тәртіп бұзған жанкүйер өзінің дін-аман екенін ғаламтор беттерінде хабарлады. Полиция қызметкерлері жанкүйерді 12 сағаттан кейін босатқан.
«Тиін адам» Қазақстан – Түркия кездесуінен кейін танымал болып қана қоймай, қоғамда түрлі қолдауларға да ие болды. Тіпті бір компания 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беруді де жоспарлап отыр екен. Сыйақыны жанкүйер қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар «тиін адам» алдағы ел премьер-лигасының ХVI тур ойындарындағы «Жетісу» мен «Шахтер» кездесуін тамашалайтынын хабарлады.