26 қыркүйекте Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің XVII съезі өтті, деп хабарлайды ВNews.kz.
Съезд барысында Ұлттық Олимпиада комитетінің жаңа президенті, Атқарушы комитеті мен ұйымның лауазымды тұлғалары сайланды.
«ҚР ҰОК Атқарушы комитеті президент лауазымына Тимур Құлыбаевтың кандидатурасын ұсынды. Съезд шешімімен Тимур Құлыбаев бірауыздан Ұлттық Олимпиада Комитетінің президенті болып сайланды. Бұған дейін бұл жауапты қызметті 2006 жылдан бері Темірхан Досмұхамбетов атқарған болатын», – деп мәлімдеді ҰОК баспасөз қызметінен.
Съезд жұмысына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, қоғам-спорт қайраткерлері – Ұлттық Олимпиада комитетінің мүшелері қатысты. Съезд соңында ҰОК-тың жаңадан сайланған президенті Тимур Құлыбаев өзіне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, Ұлттық Олимпиада комитетінің алдағы міндеттерінің маңыздылығын атап өтті.