Ауыр салмақтағы атақты америкалық боксшы Майк Тайсон ағайынды Кличколар - Виталий мен Владимирді бірінші раундта-ақ оп-оңай ойсарыта ұтар едім деп мәлімдеді.
«Кличколарды ма? Мен оларды бірінші раундта-ақ нокаудқа жіберер едім», - деді Тайсон «Bild am Sonntag»-қа берген сұхбатында.
- Мен ешқашан аса мінезді болған жоқпын, ешқашан өзімшіл болған емеспін. Мен есірткісіз, таза жұдырықтастым. Менің ойымша, кез келген боксшының аяғын аспанға келтіруге қауқарым жетеді. Ол үшін тіпті бәске өз өмірімді қоя аламын. Ол үшін маған су, жеміс-жидек пен дәрумендер болса болғаны, - деп атап өтті Тайсон.
Майк Тайсон – бұрынғы Әлем чемпионы, шаршы алаңдағы өз дәуірінің нағыз дара былғары қолғап шебері болды. Ал ағайынды Кличколар шаршы алаңдағы барлық құрметті атақтарға қол жеткізген.
Естеріңізге сала кететін болсақ, Виталий Кличко спорттық мансабын аяқтауды ойлап жүрсе, Владимир Кличко әлі де болса кездесулер өткізуде. Соңғы рет шаршы алаңда ресейлік Александр Поветкинмен жұдырық түйістіріп, айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай