Ташкент боз кілемінде Қазақстан атынан кімдер белдеседі?

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Ташкент боз кілемінде Қазақстан атынан кімдер белдеседі?

Қыркүйек айының 8-13 күндері Өзбекстан астанасы Ташкентте күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Сонымен қатар, жаңа салмақта чемпиондар мен жүлдегерлер анықталатын алғашқы дода болғалы отыр.

БӨЛІСУ

Өткен жылғы әлем чемпионаты қазақ балуандары үшін сәтті бола қойған жоқ болатын. Спортшыларымыз Нұрмахан Тінәлиев пен Екатерина Ларионова жеңіп алған екі қоламен ғана елге оралған еді. Биыл бұл байрақты бәсеке Азия ойындарымен қатар келіп отыр. Сол себепті, күрестің үш түріндегі үздіктеріміз Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында сынға түседі. Бірақ, әлем чемпионатына әлсіз балуандар барады деп қарауға болмайды. Қазақстан біріншілігінде екінші орын иеленіп, халықаралық жарыстарда жүлдеге іліккен спортшылар Ташкентте ел намысын қорғайды. Екі аламанда да бақ сынауға Нұрмахан Тінәлиев қана бел буып отыр.

Әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Гүзел Манюрова шәкірттерінің бір жүлде иеленетініне сенім білдірді. Әлем чемпионаты мен Азия додасынан жүлделі көрінген Жұлдыз Ешімоваға зор үміт артуда. Грек-рим күресінен бас бапкер Таңат Сағындықов болса, құрама палуандарының жаттығулары сәтті өтіп жатқанын, және көбіне спаррингке дайындалып жүргендіктерін мәлімдеді. Еркін күрестен бас бапкер Руслан Өмірәлиев биылғы көрсеткіш өткен жылғы көрсеткіштен жоғары болу керек деп отыр. Шәкірттері алға қойған мақсаттарын орындайтынын жеткізді.

Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы:

Ербол Қоңыратов (59 келі), Айбек Еңсеханов (66 келі), Демеу Жадыраев (71 келі), Рашид Кочиев (75 келі), Даниял Гаджиев (80 келі), Андрей Самохин (86 келі), Жанарбек Қабдолов (98 келі), Нұрмахан Тінәлиев (130 келі)

Әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы:

Зүлфия Яхъярова (48 келі), Жұлдыз Ешімова (53 келі), Мерует Дынбаева (55 келі), Айжан Ысмағұлова (58 келі), Джулия Сатымбекова (60 келі), Ольга Калинина (63 келі), Эльмира Сыздықова (69 келі), Гүлмарал Еркебаева (75 келі)

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы:

Шоқан Шыңғысов (57 келі), Артас Сана (61 келі), Саятбек Оқасов (65 келі), Ақжүрек Таңатаров (70 келі), Жігер Зәкіров (74 келі), Аслан Кахидзе (86 келі), Ермұхамет Іңкәр (97 келі), Ержан Дүйсенбеков (125 келі)

Ташкентте өтетін дүбірлі додада әлемнің 90 елінен 800-ге жуық спортшы жүлдеге таласады. Олардың арасында әр жылдардағы жиырмадан аса чемпион мен бірнеше жүлдегерлер бар. Тағы бір айта кететіні, Өзбекстан басшылары күрес түрлерінен әлем чемпионатына Эбола індеті тараған Батыс Африка елдерін қатыстырмауды сұрап отыр. Бұл мәселе қазіргі уақытта Халықаралық күрес түрлері федерациясының қаралуында жатыр. Алдағы уақытта өз шешімін табатын болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: confederation.kz