Тарихи жетістік. Жастарымыз ММА-ден әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Айбар Рысдәулет>
Тарихи жетістік. Жастарымыз ММА-ден әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті

Аралас жекпе-жектен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Италияның Рим қаласында өткен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы әлем чемпионатында бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті.

БӨЛІСУ

Байрақты бәсекеге әлемнің 25 елінен 253 спортшы қатысты. Жаттықтырушы Алмат Есентаев бастап барған 22 спортшымыз 4 күміс пен 4 қоланы қоржынға салды. Бір айта кетерлігі мұндай чемпионат әлемде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. IMMAF Президенті Керрит Браунның (Kerrith Brown) айтуынша, Рим аренасында болашақ ММА бетке ұстарлары жиналған. "Егерде біздің спорт түрі болашақта Олимпиада ойындарының бағдарламасына енсе, онда бүгінгі жарыста өнер көрсеткен көптеген ұл мен қыз сол Олимпиаданың жеңімпаздары болары сөзсіз", - деді Керрит Браун.

"Мен биыл көрсеткен нәтижені ел тарихында болған айтулы оқиғаның бірі деп санаймын. Біздің спортшылар барлық жекпе-жекте жоғары нәтиже көрсетіп, мықтылығының арқасында жоғары жетістікке жетті. Жарыс кестесі өте тығыз жасалғандықтан спортшыларымыз бірнеше сағат ішінде үш-төрт жекпе-жектен өткізді. Ал бізге АҚШ, Ресей, Аустралия, Бахрейн, Германия және т.б. әлемнің үздік миксфайтерлері қарсы тұрды. Біз барлық алпауыт елдердің спортшыларын ойсырата жеңгенімізді мақтан етеміз. Алда бізді жаңа жарыстар мен белестер күтіп тұр" - деп атап өтті Қазақстанның аралас жекпе-жек федерациясының Бас директоры ММА Валихан Тен.

Бұл чемпионаттың ерекшелігі медициналық сарапшылар мен жаттықтырушылардың ұсынымдарына сәйкес олардың физиологиялық дамуын ескеретін жасөспірімдер үшін жаңа бірыңғай ережелердің қолданысқа енгізілгені болды. Бұдан кейін IMMAF желісі бойынша барлық жарыстар осы ережелер бойынша өткізіледі.

18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ММА бойынша әлем Чемпионатының жүлдегерлері:

Қыздар:

Динара Аяпова (52,2)  үшінші орын;

Тоқтар Дильназ (61.2) – үшінші орын;

Карина Сисенова (61.2)  екінші орын;

Гүлмира Азатбек (65.8)  екінші орын.

Ұлдар

Данил Губин (83.9) – екінші орын;

Елжан Әлжанов (83,9)  үшінші орын;

Нұржан Қарасаев (93) – үшінші орын;

Диас Тлемис (120) – екінші орын.

Қазақстанда 2018 жылдың желтоқсан айында бірнеше ММА федерацияларын біріктірген – "Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жегі бойынша біріккен федерациясы" РҚБ жаңа құрылымы құрылды. Аталмыш ұйымды қазақстандық танымал спорт насихаттаушысы Ғалымжан Есенов басқарды, бас директоры – Валихан Тен. Қоғамдық бірлестік каратэ, жекпе-жек, толық қатынасты спорт түрлері және де ММА аралас жекпе-жегі сияқты 4 бағытты дамытып келе жатқан Қазақстанның жауынгерлік өнер Қауымдастығының қолдауымен жұмыс істейді (президенті К.Қ.Мәсімов). Қазақстан Республикасында 2013 жылдың 26 маусымында ресми спорт түрі деп танылды.