Павлодарлық «Ертіс» командасының бас бапкері Талғат Байсуфинов денсаулығына байланысты қызметінен кетті. Бұл команданың бүгін өткен пресс-конференциясынан кейін белгілі болды.
Жақында ғана керекулік команданың жаңа президенті болып Халімжан Ержанов тағайындалған болатын. Оның мәлімдемесі бойынша, еліміздегі білікті бапкерлердің бірі Талғат Маруанұлына қызметін жалғастыруға келісім ұсынылған. Десе де өткен маусымда «Ертіспен» Еуропа Лигасында бақ сынаған бапкер денсаулығына байланысты өз орнын босатуды жөн деп тауыпты. Естеріңізге сала кетсек, өткен маусымда «Ертіс» алғашқы алтылыққа еніп қана қоймай, премьер-лига қола жүлдесіне де қол созған-ды. Алайда футболшыларға жалақының дұрыс берілмеуі мен қаржылық дағдарыстың салдарынан клубтан үш ұпай алынып тасталып, кейіннен небәрі алтыншы орынға тұрақтаған еді.
Қазіргі таңда алдағы маусымға дайындығын пысықтап жатқан «Ертіс» командасын Ойрат Садуов жаттықтыруда. Әзірге бұл бапкердің команда тізгінін ұстауы туралы клуб басшылығы әлі толық шешім қабылдаған жоқ.
Сонымен қатар клубтың президенті Халімжан Ержанов алдағы уақытта командада қаржылық қиындықтардың туындамайтынын айтса, Талғат Байсуфинов жанкүйерлер мен команда басшылығы, журналистерге өз алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, футболдан Қазақстан премьер-лигасы 15 наурыз күні өз байрағын көтереді. Оған дейін 9 наурызда «Ақтөбе» мен «Шахтер» ел Суперкубогын сарапқа салады. Ал «Ертіс» алғашқы турда өз алаңында «кеншілер» ұжымын қабылдайды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sportinfo.kz