Светлана Подоведова әлем чемпионатының қола жүлдесін алады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Светлана Подоведова әлем чемпионатының қола жүлдесін алады
Фото ©️ vesti.kz

Хьюстондағы әлем чемпионатында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанған ресейлік Ольга Зубованың допинг қолданғаны анықталып, 2 жылға спорттан шеттетілді. Бұл туралы ресейлік ақпарат құралдары хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Ресейлік дереккөздердің ақпараты шындыққа жанасатын болса, әлем чемпионатының қола жүлдесі қазақстандық Светлана Подоведоваға беріледі. Негізінен Хьюстонда екі спортшы да қос жаттығу қорытындысы бойынша 276 келі көтерген болатын. Алайда Светланадан салмағы жеңіл болған ресейлік спортшының жолы болып кеткен еді.

Айта кетейік, Хьюстондағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі алтын, екі күміс, бір қола медаль жеңіп алған еді. Кейіннен күміс және қола медаль жеңіп алған Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев «допинг қолданды» деген айыппен уақытша жарыстардан шеттетілген. Оларға қатысты нақты шешім алдағы күндері жарияланады. Қазіргі таңда екі спортшы Польша астанасы Варшавада жаттығу жұмыстарын жасап жүр. Ал 2009 жылғы әлем чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола, 2014 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Владимир Седов жаттығуын қайта бастаған. Оның осыған дейін спорттық мансабын аяқтағаны туралы ақпарлар айтылған еді.