Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы допинг қолданғаны анықталған қазақстандық үш ауыр атлетке қатысты шешімін шығарды. Бұл туралы Vеsti.kz тілшісі хабарлады.
IWF тәртіптік-бақылау комитетінің шешімі бойынша Светлана Подобедова 8 жылға спорттан шеттетілді. Ал Майя Манеза мен Зульфия Чиншанло 2 жыл жарыстарға қатыспайтын болады. Бұл шешім спортшылардың қанынан допингтің бар екені анықталғаннан күннен бастап есептеледі. Мұны ескеретін болсақ, Майя Манеза мен Зульфия Чиншанло 2018 жылдың маусым айынан бастап жарыстарға қатыса беруіне мүмкіндіктері бар. Ал Светлананың 7 жылдан кейін спортқа оралып, жарыстарға қатысуы екіталай.
Спортшылар жарыстардан шеттетіліп қана қоймай, осыған дейінгі Олимпиада ойындарындағы рекордтары мен чемпиондық атақтарын кері қайтаратын болады.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан ауыр атлетика қауымдастығының қолдауымен құрылған қорғаушылар мен зерттеуші мамандар тобы қазақстандық спортшылардың допинг сынамаларын қайта қарап, зерттеудің барлық кезеңдерінде спортшыларды қолдау мақсатында өз нәтижелерін ұсынған болатын.