Сұлтанғали Қаратаевтың 80 жасына арналған доп додасы өтеді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Сұлтанғали Қаратаевтың 80 жасына арналған доп додасы өтеді
Фото ©️ massaget.kz

Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы, С.Бердіқұл атындағы Республикалық сыйлықтың иегері, Қазақстан спортының құрметті қайраткері Сұлтанғали Қаратаев биыл 80 жасқа толып отыр.

БӨЛІСУ

1966 жылдан бастап дүбірлі додаларды қазақша сөйлеткен С.Қаратаевтың спорт журналистикасындағы еңбегі ерен. Әсіресе комментаторлық өнердің шебері ретінде елімізге танымал. Сұлтанғали Қаратаев тек спорт журналисі ғана емес, ғылыми-зерттеулік, тарихи-танымдық мақалалар жазуда да өз қолтаңбасы бар. Сондай-ақ білікті аудармашы ретінде де бірнеше еңбектері жарық көрген.

Бүгінгі таңда осындай, ұрпаққа үлгі ретінде өзіндік ізі бар спорт ардагерімен күллі қазақ мақтанады. Елбасы Н.Назарбаев «Спорт – елдің мерейін асқақтатып, абыройын тасытатын сала» деп тегін айтпаса керек. Сондықтан да ел намысы сыналар шақтағы спортшылардың толағай табыстарының жаршысы бола білу де – қажырлы іс. Осы ретте талай спорт саңлақтарының түлеп ұшқан ұясы – Қазақ спорт және туризм академиясында спорт саласының насихатшысы болған Сұлтанғали ағамыздың 80 жылдық мерейтойы 29 – 30 қазан күндері өтеді.

29 қазан күні Қазақ спорт және туризм академиясының акт залында мерекелік кездесу ұйымдастырылып, жаңадан ашылғалы тұрған «КазАСТ ТВ» телестудиясының тұсауын Сұлтанғали Қаратаев кеседі. 30 қазан күні мерейтой иесінің құрметіне арналған қазақ спорт журналистерінің арасында футболдан республикалық турнир өтеді.