Қазақстандық Сұлтан Зауырбек пен Нұртас Әбженов кәсіпқой бокстағы жолдарын сәтті бастады. Лондондағы York Hall аренасында өткен бокс кешіндегі алғашқы жекпе-жектерінде екі боксшы да жеңіске жетті.
21 жастағы Зауырбек никарагуалық боксшы Хосе Агилармен жұдырықтасты. Жартылай жеңіл салмақта өткен жекпе-жекте отандасымыз қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді. Дегенмен қарсыласының төрт раундқа төзімі жетті. Қорытындысында төрешілер 40:34 есебімен қазақстандық боксшы жеңіске жеткенін хабарлады.
2014 жастар арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сұлтан Зауырбек кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастады. Ал 34 жастағы қарсыласы мансабында 53-ші рет жеңілді. 16 жекпе-жекте ғана жеңіске жеткен.
24 жастағы Нұртас Әжбенов те никарагуалық боксшымен қолғап түйістірді. Бірінші жартылай орта салмақта өткен жекпе-жек жоспарланған төрт раундқа созылды. Төрешілер шешімі бойынша қазақстандық боксшы қарсыласы Элиджио Паласиосты 40:36 есебімен жеңді.
Айта кетейік, Сұлтан Зауырбек пен Нұртас Әбженов маусым айында MTK Global менеджерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойған болатын. Британдық бұл ұйымда Билли Джо Сондерс (26-0, 12 КО) пен Тайсон Фьюри (27-0, 19 КО) сынды танымал боксшылар бар.