Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Сұлтан Зәуірбек 7 желтоқсан күні жекпе-жекке шығады, - деп хабарлайды msports.kz сайты.
Боксшы Ирландияда өтетін бокс кешінде поляк Дэмиан Вржезинскимен жұдырықтасады. Шаршы алаңдағы шайқас 10 раундқа жоспарланған.
Дэмиан Вржезински кәсіпқой бокста 28 рет жеңіске жеткен. 2 рет тең түсіп, 3 жекпе-жегінде жеңілген.
Сұлтан Зәуірбек полякқа қарсы 19-шы жекпе-жегіне шығады. Бұған дейінгі барлық жұдырықтасуында жеңіске жеткен. 13 кездесуінде қарсыласын уақытынан бұрын ұтып шыққан.
Айта кетейік, Сұлтан соңғы кездесуін 21 маусым күні Болтон қаласында өткізіп, аргентиналық Роман Рубен Рейносоны (22-5-2, 10 КО) бірінші раундта жеңді. Осылайша, ол WBA Continental белбеуін иеленді.
Ал Дамиан Вржесинский болса, соңғы айқасын 5 қазан күні өткізіп, ол да Аргентина елінің өкілі Мауро Алекс Перуэнді (16-9-1, 8КО) жеңген еді.