Уругвай ұлттық құрамасы мен «Ливерпуль» командасының шабуылшысы Луис Суареске құда түсуші клубтардың саны күн санап артып келеді. Бүгін бұл қатардан мадридтік «Реал» мен каталондық «Барселона» да табылып отыр.
27 жастағы футболшы мен мерсисайдтық клуб осыдан төрт ай бұрын келісімшартқа отырған болатын. Егер шабуылшы өзге клубқа ауысар болса, оның трансфер құны 100 миллион еуроға бағаланатыны айтылған-ды. Жақында испандық ақпарат құралдары Луис Суарестің клуб ауыстыратынын жарыса жазды. Футболшыны өз қатарларына қосуға асығып отырған клубтар жетерлік. Бәлкім, алдағы трансфер кезеңінің басты жаңалығы да осы ойыншының клуб ауыстыруымен есте қалар.
Луис Суарестің жұлдызы «Аякс» сапында ойнап жүргенде жан-ды. Нидерландылық клубтың қатарында 110 кездесуден 81 гол соқты. Доп соға алмаса, өз қақпасын голдан құтқарып қалу, ашуға тиіп бара жатса, қарсыластың қолынан тістеп алу - оның танылып үлгермеген көп қырының бірі. Бұған оның өзін футболда балаша ұстайтыны немесе үлкен өнерге еніп кететіні соншалықты, істеген ісіне жауап беріп жатпайтыны дәлел бола аларлық. Әр ойын сайын қауіпті сәт ұйымдастыра алуға оның білігі де, шеберлігі де жетеді. Уругвайдың бұлқынған футбол ортасынан келген ойыншы бала кезінен ғашық өнерін байлық үшін емес, жан рақаты үшін ойнайтынын жасырмайды. Оған дәлел, 2011 жылы шабуылшыға ресейлік «Зенит» пен украиналық «Шахтер» командалары қызығушылық танытты. Ал өз кезегінде Суарес «Мен қап-қап ақша үшін емес, жетістік үшін ойнаймын» деп жауап берді. Кейіннен «Ливерпуль» ұсынысын қабыл алып, Англияға аттанды. Трансфер құны 26,5 миллион еуроны құрады. Ал жақында бір сұхбатында футболшы «Аяксқа» бір күні оралатынын жеткізді.
- Мен, әйтеуір, бір күні «Аяксқа» ораламын. Нидерландылық клуб менің үлкен футболдағы жолымды ашты. Амстердамда отбасымызбен бақытты өмір сүрдік. Менің клубтан үйренгенім мол болды.
Осы маусымда Луис Суарес «Ливерпуль» сапында 32 ойынға қатысты. 31 голды өз еншісіне жазды. Қазіргі таңда ағылшын кәсіби футболшылар бірлестігі уругвайлық футболшыны маусымның үздік шабуылшысы деп танып отыр.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: taringa.net